Бізге жазылыңыз:

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі

Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы дамытуға бағытталған алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Ең төменгі жалақы көтеріледі

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа қажетті қаражат алдағы үш жылдық бюджетте қарастырылады.

Сонымен қатар инфляцияны тежеу үшін тарифтік саясатпен қатар баға белгілеу үдерістерін бақылауды күшейту көзделген.

Шағын бизнеске қолдау көрсетіледі

Орта кәсіпкерлікті дамыту үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру құралдарын кеңейту, технологиялық жаңғыртуға жағдай жасау және әкімшілік жүктемені азайту шаралары әзірленіп жатыр.

Шағын және орта бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алуларға қатысу мүмкіндігін арттыру үшін біліктілік талаптарын жеңілдету де жоспарланған.

Бұдан бөлек, Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты тексерулер мен профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі пысықталуда. Қазіргі уақытта бұл бастама қарастырылып жатыр, яғни әлі қабылданған шешім емес.

Кәсіпкерлерді қолдау шараларын маркетплейстермен, банктермен және логистикалық компаниялармен ықпалдастыру жоспарланған. Сондай-ақ экономиканың маңызды салаларындағы тәуекелдерді анықтау және түрлі сценарийлерді талдау үшін жасанды интеллектіні пайдалану көзделген.

Салық саясаты өзгереді

Бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне енгізілетін түзетулер топтамасы дайындалды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, ауқатты азаматтар үшін жоғарырақ салық мөлшерлемесін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру

Инфрақұрылымды дамыту қоры құрылды. Оны құқықтық тұрғыдан реттеу, жобаларды қаржыландыру тәртібін айқындау, қазынашылық бақылауды қамтамасыз ету және қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағалау мәселелері бойынша Бюджет кодексіне түзетулер әзірленді.

Алатау қаласындағы арнайы құқықтық режимді қалыптастыру аясында сот жүйесіне қатысты мәселелерді қарастыратын ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Конституциялық заңға енгізілетін түзетулер жобасын 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін Құрылтайға ұсыну жоспарланып отыр.

Сонымен бірге «Бәйтерек» холдингінің инвестициялық саясат саласындағы функцияларын кеңейту көзделген.

Үкімет жұмысының тиімділігін арттыру және цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінің талаптарына бейімдеу мақсатында мемлекеттік басқаруды реформалау жоспары да әзірленіп жатыр.

Ұқсас материалдар