Бізге жазылыңыз:

Жаңа Конституция Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын күшейтеді – Олжас Бектенов

Жаңа Конституция Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын күшейтеді – Олжас Бектенов

Премьер-Министр Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізіп, халықаралық бизнес өкілдерімен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесуде цифрландыру, жасанды интеллект саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер және жаңа Конституцияның елдегі инвестициялық климатқа ықпалы қарастырылды.

Үкімет басшысының айтуынша, жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне негіз қалап, экономиканы одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі кездесуіміз еліміз үшін тарихи кезеңде өтіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституция Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалардың берік негізіне айналды. Қазіргі таңда құқықтық жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасып жатыр. Бұл жұмыс экономиканың тұрақты әрі дәйекті дамуын қамтамасыз етуге бағытталған», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр Конституциялық Соттың жаңа конституциялық нормаларды қолдану жөніндегі түсіндірмелері құқықтық айқындықты күшейтіп, инвесторлар үшін маңызды фактор саналатынын атап өтті.

Отырыста цифрлық экономиканы дамытуға ерекше назар аударылды. Еске салсақ, 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Елде Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» және «Киберқауіпсіздік туралы» заңдар қабылданып, Cloud First Policy, Data Embassy жобалары іске асырылуда. Сонымен қатар «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы аясында Firebird AI компаниясымен 10 млрд АҚШ долларына келісім жасалды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту – тұрақты экономикалық өсудің, мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың және азаматтардың өмір сапасын жақсартудың маңызды тетігі. Біз шетелдік серіктестердің еліміздің іскерлік ахуалын жақсартуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Үкімет барлық салада инвесторлармен өзара тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін ашық әрі сындарлы диалогқа дайын», – деді Премьер-Министр.

Отырысқа Apple, Siemens, Honeywell, Baker McKenzie компанияларының және Қазақстандағы Америка сауда палатасының өкілдері қатысты. Олар цифрлық реттеу, бұлтты технологиялар, дербес деректерді қорғау, киберқауіпсіздік және жасанды интеллектті дамыту бойынша ұсыныстарын айтты.

Кездесу қорытындысында Олжас Бектенов Қазақстанның ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ашық әрі сенімді ел болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ Үкімет бизнес өкілдерінің барлық ұсыныстарын қарап, оларды әрі қарайғы жұмыста ескеретінін жеткізді.

Ұқсас материалдар