Бізге жазылыңыз:

Саясат Нұрбек Lightspeed Venture Partners өкілдерімен кездесті

Саясат Нұрбек Lightspeed Venture Partners өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінде ведомство басшысы Саясат Нұрбектің халықаралық Lightspeed Venture Partners венчурлық қорының серіктестерімен ресми кездесуі өтті.

Кездесу барысында тараптар технологиялық инновациялар мен жоғары білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын және оны жүзеге асырудың нақты тетіктерін талқылады.

Министр қонақтарды Қазақстанның ғылым мен білім саласындағы жетістіктері және стратегиялық басымдықтарымен таныстырды. Әңгіме барысында мақсатты білім гранттарын бөлу, халықаралық стартаптар технопаркі Astana Hub қызметі және инновациялық экожүйені дамыту мәселелері сөз болды.

Саясат Нұрбек қазіргі таңда мемлекет жастар арасында жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Lightspeed Venture Partners өкілдері қордың қызметі, халықаралық серіктестік желісі және әлемдік нарықтағы негізгі инвестициялық бағыттары туралы ақпарат берді. Инвесторлар Қазақстанның технологиялық даму қарқынын жоғары бағалап, өзара ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыстың перспективаларын талқылап, өзара түсіністікке қол жеткізді. Шетелдік серіктестер Қазақстанды ынтымақтастыққа ашық мемлекет ретінде бағалап, елдің жасанды интеллект технологияларын дамыту мен енгізу үшін қолайлы алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.

Ұқсас материалдар