2026 жылдың бірінші жартыжылдығында компания шамамен 1,5 млн тонна мұнай өндіріп, кен орындарын дамыту мен өндірісті цифрландыруға бағытталған жобаларды іске асыруды жалғастыруда.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ қызметіне арналған өндірістік кеңес өткізді. Жиында жұмыс істеп тұрған кен орындарын қосымша барлау, қолданыстағы активтердің тиімділігін арттыру және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.
Негізгі жобалардың бірі – өндірістік игеру басталған Батыс Қарасор кен орны. Оның алынатын мұнай қоры 2 млн тонна деп бағаланады. 2026 жылдың алғашқы алты айында мұнда 37 мың тоннадан астам мұнай өндірілді.
Газ инфрақұрылымын дамыту да жалғасуда. Батыс Прорва кен орнында жылдық қуаты 200 млн текше метрге дейінгі алғашқы іске қосу кешені пайдалануға берілді. Ал 2027 жылы оның қуатын 920 млн текше метрге дейін ұлғайту жоспарланған.
Оңтүстік-Шығыс Новобогатин кен орнында биыл жылына 80 млн текше метр газ дайындайтын кешенді газ даярлау қондырғысын іске қосу көзделіп отыр. Бұл жоба мұнай өндіру көлемін жылына 20 мың тоннадан 110 мың тоннаға дейін арттыруға, сондай-ақ ішкі нарыққа тауарлық және сұйытылған көмірсутек газын қосымша жеткізуге мүмкіндік береді.
Мұнай өндіру деңгейін сақтау мақсатында компания тік және көлденең бұрғылау, бүйірлік оқпандарды бұрғылау сияқты заманауи геологиялық-техникалық шешімдерді белсенді қолдануда.
Жалпы, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Ембімұнайгаз» мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі шамамен 1,5 млн тоннаны құрады.
Компания цифрлық трансформацияға да ерекше көңіл бөлуде. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ABAI ақпараттық жүйесінің негізінде Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект технологияларын қолданатын цифрлық егіз пилоттық жобасы іске асырылуда.
Қазіргі таңда ABAI жүйесінің алты модулі пайдаланылуда. Алдағы уақытта өндірістік қауіпсіздікті күшейтуге арналған бейнеталдау жүйелері, мұнай ұңғымаларының жағдайын бағалайтын AI-көмекші және ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарының тиімділігін талдайтын модуль енгізіледі.
Кеңес қорытындысы бойынша Асхат Хасенов инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы іске асыруды қамтамасыз етуді, ресурстық базаны ұлғайту жұмыстарын жалғастыруды және өндірісте жаңа технологияларды енгізуді жеделдетуді тапсырды.