
Оңтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алқап көлемі 423 мың гектарды құрады. Оның ішінде: 241 мың га – дәнді дақылдар, 88 мың га – малазықтық, 29 мың га – көкөніс, 12 мың га – картоп, 15 мың га – бақша өнімдері, 35 мың га – майлы дақылдар. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Kapital.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2025 жылғы өнім үшін күздік дәнді дақылдар 405,7 мың гектарға себілді. Оның 73,3% – жақсы, 23,9% – қанағаттанарлық жағдайда. Көктемгі егіс науқаны 15 мамырда басталады.
Энергетика министрлігі егіс жұмыстарына 401 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді, отын жөнелту белгіленген кесте бойынша жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, ведомство минералды тыңайтқыштар көлемін 1,9 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Алайда, қазіргі төмен жеткізу қарқыны егіс маусымының қызған кезеңінде фермерлерді тыңайтқышпен толық қамтуға қауіп төндіреді.
2024 жылы жергілікті зауыттар әкімдіктердің кепілдігімен аграршыларға тыңайтқыштың субсидияланбайтын 40%-ын кейінге шегеріп, күзге дейін бөліп төлеуге мүмкіндік берген болатын. Бұл шаруалар үшін айналым қаражаты жетіспеген кезеңде елеулі қолдау болды. Алайда кейбір фермерлер келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін орындамай, зауыттарға қарызын қайтармаған.
«Тыңайтқышты жеткізу қарқынын жеделдету қажет. Міндеттемесін уақтылы орындаған шаруалар өзгелердің кесірінен зардап шекпеуі тиіс. Қарызды қайтаруды қамтамасыз етіңіздер», – деді Ұлттық экономика министрі – Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өңірлер әкімдерінің орынбасарларына.
Сондай-ақ ол фермерлерді қажетті ресурстармен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бақылау күшейтуді және жедел әрекет етуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы вице-министрлеріне негізгі астықты өңірлерге барып, көктемгі егіс жұмыстарына кедергі келтіріп отырған мәселелерді жедел шешуді жүктеді.
«Көктемгі дала жұмыстарына дайындық – ауыл шаруашылығы маусымының сәтті өтуі үшін маңызды процесс. Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр, қаржы бөлінуде. Сұрақты бақылауда ұстаңыздар, оның ішінде шегірткеге қарсы күрес шаралары да бар», – деді вице-премьер.
2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың наурызына дейін жаңа өнім экспорты 55%-ға артып, 6,8 млн тоннаға жетті. Негізгі импорттаушы елдер – Орталық Азия мемлекеттері, Қытай және Ауғанстан. Сонымен қатар, Иран (18 есе) мен Әзербайжан (98 есе) нарықтарында экспорт көлемі айтарлықтай артты. Экспорттаушыларды қолдау мақсатында тасымал шығындарын субсидиялау енгізілді. Қазіргі уақытта 236,5 мың тонна астық бойынша 101 өтінім қабылданған.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия тиімділігіне жүргізілген аудиттің нәтижелерін түсіндірген болатын. Ведомствоның мәліметінше, 2022–2023 жылдар аралығында 943 млрд теңге көлеміндегі қаражат тексерілген, оның ішінде 2 млрд теңге мөлшерінде ғана заң бұзушылық анықталған (жалпы соманың 0,2%-ы). Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын субсидиялауға 2 трлн теңге бөлінген. Бұл туралы Мәжілістің пленарлық отырысында Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты. Оның айтуынша, субсидиялардың шектеулі әсеріне бірқатар жүйелік мәселелер себеп болып отыр.