Қазақстанда байланыс сапасын жақсартуға бағытталған жаңа шаралар қабылданды.
ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ол кейбір аумақтардағы байланыс сапасының төмендеуіне ұялы байланыс сигналын күшейткіштердің (репитерлердің) бақылаусыз қолданылуы себеп болғанын айтты.
Енді сигнал күшейткіштерін елге әкелу және орнату құқығы тек байланыс операторларына беріледі. Бұл репитерлерден туындайтын кедергілерді азайтып, байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Телекоммуникация саласындағы бұл өзгерістер тамыз айының соңында күшіне енеді.
Сонымен қатар, ұялы телефондарға келіп түсетін қоңырауларды таңбалау жүйесі енгізілді. Енді пайдаланушылар банктерден, мемлекеттік органдардан және қызмет көрсетуші компаниялардан келетін ресми қоңырауларды алаяқтардың қоңырауларынан ажырата алады.
Сондай-ақ байланыс операторларының жарнамалық және ақпараттық хабарламаларынан, сондай-ақ автоматты кері қоңырау («маяк») қызметінен бас тарту мүмкіндігі пайда болды.
«Бұл мәселелерді халық жиі көтеретін. Егер адам біреуге қоңырау шалып, абонент желіден тыс болса, кейін желіге қосылған кезде оператор "жіберіп алған қоңырау" туралы "маяк" жіберетін. Мұндай хабарламалар тіпті түнде де келуі мүмкін еді. Енді олардың орнына тек SMS-хабарламалар жіберіледі», – деп түсіндірді Досжан Мұсалиев.
Бұдан бөлек, байланыс пен интернеттің қосымша ақылы қызметтері енді абоненттің екі кезеңді келісімінен кейін ғана қосылады. Растау оператордың қосымшасы, SMS, телефон қоңырауы немесе USSD-сұрау арқылы жүзеге асады. Бұрын интернеттегі жарнаманы кездейсоқ басып қалу ақылы жазылымның автоматты түрде рәсімделуіне әкелуі мүмкін болатын.
Сонымен бірге қазақстандықтарға бірқатар әлеуметтік маңызы бар және мемлекеттік мобильді қосымшаларға, оның ішінде eGov, eGov Business, eOtinish және Aitu сервистеріне тегін қолжетімділік беріледі.
Абоненттік құрылғыларды верификациялау қызметі мемлекеттік реттеуге өтеді.
Сонымен қатар радиожиілік спектрін пайдалану рұқсатының қолданылу мерзімі белгіленді, спутниктік байланысты пайдалану талаптары жаңартылды, байланыс нысандарын салуға арналған жер учаскелерін бөлу рәсімі жеңілдетілді. Енді оларды егжей-тегжейлі жоспарлау және бас жоспарға міндетті түрде енгізбей-ақ бөлуге болады.
Сондай-ақ операторларға туристік және басқа да қорғалатын аймақтарды байланыспен қамту мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда байланыс желілерін салуға мүмкіндік берілді. Мемлекеттік маңызды деректер сақталатын деректерді өңдеу орталықтары стратегиялық нысандар санатына енгізілді. Олар үшін күшейтілген қауіпсіздік талаптары қолданылады.





