Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы екі өткізу пунктінің мәртебесі өзгереді
Сенат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінің жұмысын жаңғыртуға бағытталған хаттаманы ратификациялады. Құжат екі автомобиль өткізу пунктінің мәртебесін халықаралық деңгейге көтеріп, олардың жұмыс режимін кеңейтуді көздейді.
Ратификацияланған хаттамаға сәйкес, «Сырдария – Малик» және «Целинный – Ок олтин» өткізу пункттері екіжақты мәртебеден халықаралық (көпжақты) мәртебеге ауыстырылады. Сонымен қатар екі бекет те бұған дейінгі «жарық уақытта» жұмыс істеу тәртібінен тәулік бойы қызмет көрсету режиміне көшеді.
Құжатта өткізу пункттерінің функционалы да кеңейтілген. «Целинный – Ок олтин» арқылы жеңіл және бос жүк көліктерімен қатар, ірі көлемді және ауыр салмақты жүктерді тасымалдайтын көлік құралдарының қозғалысына рұқсат беріледі.
Ал «Сырдария – Малик» өткізу пункті жеңіл және бос жүк көліктеріне қызмет көрсетеді. Бұл бекет арқылы коммерциялық мақсаттағы жүктер мен тауарларды өткізу қарастырылмаған.
Сенаттың мәліметінше, енгізіліп отырған өзгерістер шекараның өткізу қабілетін арттыруға, көлік және жолаушылар ағынын тиімді бөлуге, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік-транзиттік байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тәулік бойы жұмыс істеу режимі туристік қатынастардың кеңеюіне және шекарадан өту рәсімдерінің қолайлылығын арттыруға ықпал етеді.





