Қазақстан мен Қытай оңалту технологиялары бойынша ынтымақтастықты кеңейтеді
Қазақстан мен Қытай инклюзия және оңалту саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Қытайдың мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көмекші құралдар мен технологиялар орталығының делегациясымен кездесу өтті.
Тараптар ассистивті технологияларды дамыту, техникалық оңалту құралдарын өндіру, цифрлық шешімдерді енгізу және мамандар даярлау мәселелерін қарастырды.
Қазақстанда 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты – әлеуметтік қызметтер мен инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру, кедергілерді азайту және мүгедектігі бар адамдардың дербестігін кеңейту.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 756,2 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұрады. Осыған байланысты оңалту қызметтері мен техникалық құралдардың сапасы мен қолжетімділігін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
«Біз оңалту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және тиімді технологиялық шешімдерді енгізуге мүдделіміз. Бұл ретте тәжірибе алмасу, маман даярлау, ассистивті технологияларды дамыту, өндірісті локализациялау және техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етудің заманауи тетіктерін сынақтан өткізу секілді шаралар маңызды бағыттар санатында. Басты міндетіміз – оңалту қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, мүгедектігі бар адамдардың дербестігін кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер жасау», – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері.
Кездесуде протездеу, ортездеу және ассистивті технологияларға ерекше назар аударылды. Қытай тарапы сараптамалық тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.
Ынтымақтастықта Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы да маңызды рөл атқарады. Орталық оңалту, протездеу, ортездеу және техникалық оңалту құралдары бойынша ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүргізіп, инновациялық және цифрлық шешімдерді енгізуге қатысады.
Кездесу қорытындысында тараптар тәжірибе алмасу, мамандар даярлау, протездеу мен ортездеуді дамыту, ассистивті технологияларды енгізу және жаңа оңалту шешімдерін сынақтан өткізу бағыттарында бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.





