Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Ислам даму банкі жаңа жобалар мен инвестицияларды талқылады

Қазақстан мен Ислам даму банкі жаңа жобалар мен инвестицияларды талқылады

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ислам даму банкінің (ИДБ) президенті Мұхаммад әл-Джассермен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысын және болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды.

Кездесуде Серік Жұманғарин соңғы жылдары Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы қаржылық әріптестік жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

«Соңғы үш жылда қаржылық ынтымақтастығымыз сапалы жаңа деңгейге шықты. 2024 жылы инвестиция көлемі 1,1 млрд долларды құрайтын су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау бойынша ауқымды бағдарлама іске асырыла бастады. Биылғы ақпан айынан бастап арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға 1,3 млрд доллар тарту жөніндегі негіздемелік келісімді жүзеге асыруға кірістік. Сонымен қатар «Қызылорда – Сексеуіл» және «Қызылорда қаласының айналма жолы» жобаларын қаржыландыру мәселелері пысықталуда», – вице-премьер.

Тараптар сондай-ақ 2027–2032 жылдарға арналған жаңа әріптестік стратегиясын әзірлеу жұмыстарын талқылады. Құжат алдағы кезеңдегі ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындамақ.

Өз кезегінде Ислам даму банкінің президенті Мұхаммад әл-Джассер Қазақстанмен әріптестіктің әлеуеті әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

«Көпжылдық бірлескен жұмыс барысында мамандарымыз арасында тиімді өзара іс-қимыл қалыптасты. Бұл жобалар қоржынын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ислам даму банкі мүше мемлекеттердің алдында тұрған көптеген мәселелер бойынша шешім табуға жеткілікті икемділікке ие. Сонымен қатар біз жобаларды дайындау мен іске асыруда елдердің ішкі жүйелерін пайдалана отырып, ұлттық әлеуетті дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Егер мемлекет жобаларды негізінен өз күшімен жүзеге асыра алса, бұл оның институттарының кемелдігін және тұрақты дамуын көрсетеді. Қазақстанмен бірге бұдан да ауқымды нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға сенімдімін», – деді ол.

Әл-Джассердің айтуынша, Ислам даму банкі тек қаржы ұйымы ғана емес, кешенді қызмет көрсететін халықаралық институттар тобы болып саналады.

«Ислам даму банкі тек қаржы институты ғана емес, сонымен қатар “бір терезе” қағидаты бойынша жұмыс істейтін интеграцияланған құрылым. Арнайы институттар арқылы топ жобаларға ұзақ мерзімді қаржыландыру, сақтандыру және сауданы қаржыландыру құралдарын ұсына отырып, жан-жақты қолдау көрсетеді», – деп атап өтті ИДБ президенті.

Кездесу барысында Серік Жұманғарин Ислам даму банкінің Астанада қосымша кеңсесін ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, Алматыдағы өңірлік хаб өз міндеттерін тиімді орындап келеді, алайда ынтымақтастық көлемінің ұлғаюы орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейтуді талап етеді.

«Ислам даму банкінің мол тәжірибесі инфрақұрылымды дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, су және басқа да табиғи ресурстарды тиімді басқаруға, сондай-ақ заманауи және жасыл технологияларды енгізуге бағытталған жобаларды бірлесіп іске асыруға мүмкіндік береді деп сенеміз», – вице-премьер.

Кездесу қорытындысында тараптар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға арналған форвардтық лизинг туралы келісімнің қол қойылған даналарымен алмасты.

Айта кетейік, Қазақстан Ислам даму банкінің мүшесі болып 1995 жылы қабылданды. Банктің Алматыдағы өңірлік кеңсесі 1997 жылдан бері Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Моңғолия және Қытайдағы қызметін үйлестіріп келеді.

1997–2026 жылдар аралығында Ислам даму банкінің Қазақстандағы жобалары мен техникалық көмегінің жалпы көлемі 4,2 млрд доллардан асты. Қазіргі таңда тараптар су шаруашылығы, көлік және өнеркәсіп салаларындағы бірқатар маңызды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруда.

Ұқсас материалдар