Бізге жазылыңыз:

Қазақстан геологиялық барлауға инвестиция тарту үшін заңнаманы жаңартты

Қазақстан геологиялық барлауға инвестиция тарту үшін заңнаманы жаңартты

Қазақстанда геологиялық барлау саласына жеке инвестицияларды тарту мақсатында заңнама жетілдіріліп, жер қойнауын пайдалану рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылдың соңында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілген түзетулер саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған.

Маңызды жаңалықтардың бірі – геологиялық тұрғыдан аз зерттелген шөгінді бассейндер үшін арнайы құқықтық режимнің енгізілуі. Бұл аумақтардағы жоғары геологиялық тәуекелдер ескеріліп, жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсімі жеңілдетілді.

«Бұл инвесторлар үшін анағұрлым қолайлы жағдай қалыптастырып, геологиялық барлау жұмыстарына жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. Биыл жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша 100 учаске аукционға шығарылмақ. Оның аясында 40 жер қойнауы учаскесі бойынша алғашқы аукцион жарияланып, оны өткізу 28 шілдеге жоспарланған. Бұл аукциондар жаңа инвестициялар тартуға, геологиялық барлау жұмыстарының көлемін ұлғайтуға, жаңа кен орындарын ашуға және еліміздің минералдық-шикізаттық базасын ұзақ мерзімді негізде толықтыруға жол ашады», – деді Ерлан Ақбаров.

Жаңа заңнамалық өзгерістер минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға және жер қойнауын тиімді игеруге қосымша серпін береді.

Ұқсас материалдар