Бізге жазылыңыз:

Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі уақытша кеңейтілді

Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімі уақытша кеңейтілді
Бұл туралы Астана бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған шешім азаматтардың күнделікті тұтыну себетіне кіретін бірқатар азық-түлік өнімі бағасының соңғы уақытта жоғары құбылмалылық танытуына байланысты қабылданған.

— Тізімге ең қарапайым, бірақ халық күн сайын тұтынатын өнімдер енгізілді. Дәл осы тауарлардың қымбаттауы азаматтардың наразылығын тудырып отыр, өйткені баға өссе де, адамдар оларды сатып алуға мәжбүр. Сондықтан бұл өнімдер баршаға қолжетімді болуы тиіс, — деді департамент басшысы Астана қаласының Коммуникациялар қызметі алаңында.
Оның сөзінше, ӘМАТ қатарына енгізілген тауарларды өндірушілер мен импорттаушылар сауда желілеріне сыйақы мен ретро-бонус төлеу міндетінен босатылады. Бұл өз кезегінде босатылған қаржыны бизнесті дамытуға бағыттауға мүмкіндік береді.

— Сондай-ақ сауда субъектілері үшін сауда үстемесінің 15 пайыздан аспайтын шекті мөлшерін сақтау талабы енгізіледі. Бұл халық үшін өнімнің түпкілікті бағасын төмендетуге және азық-түлік инфляциясын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді ол.
Ғалымжан Ильясов ӘМАТ тізіміне енген тауар өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алатынын да атап өтті. Атап айтқанда, жеңілдетілген тасымал, тұрақтандырылған коммуналдық тарифтер, айналым қаражатын жеңілдікпен қаржыландыру және өзге де қолдау тетіктері қарастырылған.

Спикердің айтуынша, тізімнің кеңеюі ең алдымен аралық делдалдарға әсер етеді, өйткені баға шектеулері олардың маржасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Бұл көтерме және бөлшек сауда өкілдерінің белгілі бір наразылығын тудыруы ықтимал.

— Бағаның өсуін шектеу және баға белгілеудің ашық ережелерін енгізу әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қолжетімділігін арттырады. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін маңызды. Нәтижесінде нарық неғұрлым тұрақты әрі тұтынушылар үшін болжамды бола түседі, — деп түйіндеді ол.

Ұқсас материалдар