Бізге жазылыңыз:

Үкімет МӘМС реформасы мен көлеңкелі экономиканы төмендету шараларын пысықтайды

Үкімет МӘМС реформасы мен көлеңкелі экономиканы төмендету шараларын пысықтайды
Нақты айтқанда, отырыстың күн тәртібіне мына мәселелер шығарылып отыр:

міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жаңғырту;
көлеңкелі экономиканы төмендету шаралары.
Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап береді.

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады. Осы жүйені енгізудің нәтижесінде денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2,5 еседен астамға өсті. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.

МӘМС жүйесінің негізгі принциптері:

әлеуметтік бағдар – мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 11 миллион азаматқа жарна төлейді;
ортақ жауапкершілік – халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты;
медициналық көмекке тең қолжетімділік – әрбір сақтандырылған тұлға төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлеміне құқығы бар;
ақша пациенттің артынан жүреді – пациент медициналық қызметті алу үшін өз қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдай алады, егер ол ұйым қордың өнім берушісі болса ғана;
пациенттің құқықтарын қорғау – қор медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана медициналық қызметтер үшін ақы төлейді.2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мен айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарналар мен аударымдардың мөлшері өзгерді. Егер азамат екі ұйымға жұмысқа орналасқан болса, төлемдерді есептеу үшін шекті табыс ескеріледі, ол – 10 ЕТЖ (2024 жылы 850 000 теңге). Жарналарды есептеген кезде барлық жұмыс орындарынан түскен жиынтық табыс ескеріледі, яғни ай сайынғы жарналар 17 000 теңгеден (850 000-ның 2%-ы) аспауы тиіс. Дұрыс есептеу үшін қызметкер екінші жұмыс орнына бірінші жұмыс орнынан төленген төлемдер туралы анықтама ұсынуы қажет. МӘМС-ке аударымдар әр жұмыс орнынан төленеді, бірақ әр жұмыс беруші ай сайын 25 500 теңгеден (850 000-ның 3%-ы) асырмауы керек. Аударымдарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы ең төмен жалақының 10 еселенген мөлшерінен аспауға қажет.

Мемлекет есебінен сақтандырылған жеңілдікті санаттарға келесі азаматтар кіреді:

18 жасқа дейінгі балалар;
жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, сондай-ақ баланы үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыста жүрген адамдар;
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
бала кезінен мүгедектігі барларға күтім жасаушылар;
мүгедектігі бар адамдар;
зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлері;
орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар;
жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;
жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
жұмыс істемейтін оралмандар;
қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
тергеу изоляторларындағы адамдар.
Осы жылдың басында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте салықтық әкімшілендіруді күшейту жөнінде кеңес өткізген еді. Сол жиында Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, елімізде соңғы бес жылда ЖІӨ-дегі бақыланбайтын экономиканың үлесі 2019 жылғы 23,69 пайыздан 2023 жылы 17,52 пайызға дейін тұрақты түрде төмендеп келе жатыр. Көлеңкелі экономиканың ең жоғары үлесі көтерме және бөлшек сауда (3,53%), денсаулық сақтау (2,04%), ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы (1,96%), құрылыс (1,92%) және білім беру салаларында (1,49%) байқалады.Көлеңкелі экономиканың көпжылдық проблемасының шешімін салалық, сот, қадағалау мемлекеттік органдарының қатысуымен фискалдық реформа арқылы көріп отырмыз. Мемлекет ресурстарының жоғалуына әкеп соқтыратын теріс қылықтарды анықтауға бірлесіп қатысу қажет, - деген еді ол.
Биыл бақыланбайтын экономика көрсеткішін ЖІӨ-ге 15 пайызға дейін төмендету міндеті тұр. Ол үшін Қаржы министрлігі саланы көлеңкеден шығаруды бәсеңдететін проблемалық салалық мәселелерді мемлекеттік органдардың даму жоспарларына KPI ретінде қосуды ұсынып отыр.

- Мемлекеттік органдардың даму жоспарларын сервистік тәсілмен және салаларды цифрландыру арқылы жаңа қырынан қарастыру қажет. Бұл көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспары аясындағы іс-шараларды орындауға ресми көзқарастан кетуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдарға көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралармен өз ведомстволарының 2025-2027 жылдарға арналған даму жоспарларына KPI қосуды ұсынамыз, - деді вице-министр.
Өткен аптадағы Үкімет отырысы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің Минскіге сапарына байланысты болмады. Сапар барысында Үкімет басшысы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері мен Еуразиялық үкіметаралық кеңес басшыларының отырыстарына қатысушылармен ұжымдық кездесуіне, сондай-ақ шағын және кеңейтілген құрамдағы ЕҮАК отырысына қатысты. Ал 23 қыркүйектегі Үкімет отырысында егін жинау науқанының барысы және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мәселесі қаралып, Ауыл шаруашылығы, Энергетика, Көлік, Сауда және интеграция министрлері ағымдағы жағдайды баяндаған еді.

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр алқап басындағы жұмыстарды уақтылы аяқтауды, сұранысқа сәйкес астық кептіру үшін қосымша сұйытылған газ бен дизель отынын бөлуді, солтүстік өңірлерде астық кептіру жұмыстарын басты назарда ұстауды жүктеді. Сондай-ақ мынадай нақты тапсырмалар берді:

Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, элеваторларда астықтың жаңа түсімін уақтылы қабылдап, кептіруді қамтамасыз етуі тиіс. Өнімді сақтау инфрақұрылымын толық пайдалану керек. Астықты, оның ішінде жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қызмет көрсету бағасын негізсіз өсіруге жол бермек қажет.
Көлік министрлігі Қазақстан темір жолы компаниясымен бірге астық тасымалдайтын вагондар мен жүк көліктерінің жеткілікті көлемін қамтамасыз етуі қажет. Астықты жинау мен тасымалдау кестесін үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыла жұмыс істеу керек.
Егін жинау науқаны кезінде азық-түлік тауарларының қорын жасақтап алу қажет. Өңір әкімдіктері көкөніс өнімдерінің негізгі түрлерін қажетті көлемде жеткізу үшін қыркүйек айының соңына дейін келісімшарт жасауды қамтамасыз етуі тиіс.
Сауда министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу тізбегінде делдалдық схемаларға қарсы шаралар қабылдап, астықтың фермерлер үшін әділ шарттармен сатылымын қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар негізгі азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу қажет.
Сауда министрлігі әкімдіктермен бірге баға саясатын реттеу үшін қолдағы барлық құралдарды іске қосып, бұл мәселені қатаң бақылауға алуы керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егін орағының сапалы өтуін, оның ішінде Үкімет жанындағы Жедел штаб аясында бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.

Ұқсас материалдар