ЖАҢАЛЫҚТАР
Қазақстанда сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникасының 95%-ы отандық өнім
Қазақстанда жеңілдетілген лизинг бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде сатып алынатын ауыл шаруашылығы техникасы арасындағы отандық өндіріс үлесі 95%-ға жетті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бірлескен жұмысы «Агробизнес» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындарды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін енгізуге мүмкіндік берген. Бұл бағдарлама бойынша айналым қаражаты жылдық 5% мөлшерлемемен беріледі.
Сонымен қатар отандық өндірушілерді қолдау мақсатында пестицидтер, тыңайтқыштар мен тұқымдарға қатысты шығындарды өтеудің сараланған нормативтері бекітілді.
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, аталған шаралар ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін арттыруға және қосылған құн көлемін ұлғайтуға ықпал етеді.





