Қазақстандағы қант нарығына жүргізілген талдау елдің импортқа тәуелділігі әлі де жоғары екенін көрсетті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында импорттық қанттың ішкі нарықтағы үлесі 70,4%-ға жеткен. Отандық өндіріс ішкі тұтынудың тек 29,6%-ын қамтамасыз еткен.
Негізгі сұраныс импорттық қамыс шикі қантын өңдеу және дайын импорттық өнім жеткізу арқылы өтеледі.
Агенттік қант саласын дамытуға арналған бірқатар жоспарлы көрсеткіштердің орындалмағанын атап өтті. Атап айтқанда, қант қызылшасының егіс көлемі, жалпы өнім, қант өндірісі және ішкі нарықтың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі бойынша мақсаттарға толық қол жеткізілмеген.
Мәселен, 2024 жылы қант қызылшасынан рекордтық өнім алынғанымен, бұл қант зауыттарының өндірістік қуаттарын толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Себебі қолданыстағы кәсіпорындардың бір бөлігі импорттық қамыс шикізатын өңдеуге бейімделген.
БҚДА сондай-ақ қанттың биржалық сауда жүйесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Жекелеген отандық өндірушілер өндіріс көлемін арттырғанымен, олардың биржа арқылы өткізетін өнім көлемі тиісінше өспеген.
Сонымен қатар импорттық және отандық қант үшін бірдей бәсекелестік жағдай қалыптастыру, сондай-ақ импортталған өнімнің кейін үшінші елдерге қайта шығарылуын бақылау ұсынылды.
Талдау нәтижесінде агенттік қантты көтерме саудада өткізетін субъектілерге монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша 9 хабарлама жолдады.
БҚДА мемлекеттік органдарға бірнеше негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізуді ұсынды:
-
отандық шикізат базасы мен қайта өңдеу қуаттарын дамыту;
-
қант зауыттары мен фермерлер арасында ұзақ мерзімді келісімшарттар енгізу;
-
биржалық саудаға бақылауды күшейту;
-
қант реэкспортын тұрақты мониторингтеу;
-
импортқа тәуелділікті біртіндеп төмендету.
Агенттік бұл шараларды қант нарығындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасына енгізуді ұсынды.
Тегтер:
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Семейде жаңа автокөлік көпірінің құрылысы жалғасып жатыр
- 12 августа, 2026
Өскемен ЖЭО қуаты 100 МВт электр және 130 Гкал/сағ жылуға артады
- 12 августа, 2026





