Ұлттық Банк пен халықаралық Binance компаниясы Қазақстанда өңірлік есеп айырысу хабын дамыту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов пен Binance жаһандық кеңсесінің өңірлік даму және операциялық қызмет жөніндегі басшысы Кирилл Хомяков қол қойды. Қол қою рәсіміне Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов пен Binance негізін қалаушы Чанпэн Чжао қатысты.
Жоба Binance тобының Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропадағы клиенттеріне халықаралық төлемдер мен ақша аударымдарын, соның ішінде цифрлық активтермен жасалатын операциялар бойынша есеп айырысуларды қамтамасыз ететін инфрақұрылым құруды көздейді.
Жобаны іске асыруға Қазақстандағы цифрлық активтер айналымын реттеу және бірінші санаттағы төлем ұйымы сияқты қаржы нарығының жаңа субъектісін енгізу бағытындағы заңнамалық өзгерістер мүмкіндік берді. Жаңа реттеу қаржы нарығындағы бәсекелестікті күшейтіп, инновациялық төлем және қаржылық қызметтерді дамытуға жол ашады.
Қазақстанда Binance тобының тиісті ұйымын құрып, қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру және бірінші санаттағы төлем ұйымы ретінде жұмыс істеу үшін Ұлттық Банктің лицензиясын алу жоспарланып отыр.
Жоба іске қосылған жағдайда Binance тобы өңірлік операцияларының бір бөлігін Қазақстанға көшіріп, бірқатар клиенттерге қазақстандық юрисдикция арқылы қызмет көрсете алады. Бұл халықаралық технологиялық сараптаманы тартуға, цифрлық қаржылық қызметтер экспортын дамытуға және Қазақстанның өңірлік цифрлық қаржы орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.





