ҚИОД сарапшылары заңнамаға гендерлік сараптама жүргізу бойынша оқудан өтті
Астанада Қазақстанның қоғамдық даму институтының (ҚИОД) қызметкерлеріне арналған нормативтік құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізу бойынша кіріспе қарқынды курс өтті.
Оқытуды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы ұйымдастырды.
Курсқа ҚИОД-тың 14 сарапшысы мен талдаушысы қатысты.
Сарапшылар қандай мәселелерді қарастырды
Оқу барысында қатысушылар мазмұны сырттай бейтарап көрінгенімен, әйелдер мен ерлерге әртүрлі әсер етуі мүмкін құқықтық нормаларды анықтаудың практикалық тәсілдерін қарастырды.
Сондай-ақ сарапшылар нормативтік құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізудің ұлттық әдістемесін сараптамалық-талдау жұмыстарында қолдану жолдарын зерделеді.
Курстың негізгі мақсаты — гендерлік сараптама жүргізу тәжірибесін кеңейту, тұрақты сараптамалық жұмысты дамыту және тиісті құралдарды мемлекеттік деңгейде одан әрі енгізуге негіз қалыптастыру.
Әдістеме 2023 жылы әзірленді
Бұл жұмыс жүйелі бағдарламаның бір бөлігі болып табылады. 2023 жылы нормативтік құқықтық актілерге гендерлік сараптама жүргізудің ұлттық әдістемесі әзірленді.
2024–2025 жылдары әдістеме бойынша оқудан мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің 100-ден астам маманы өтті.
Сонымен қатар Президент Әкімшілігінің, Құрылтайдың, Үкімет Аппаратының және орталық мемлекеттік органдардың заң бөлімдерінде жұмыс істейтін 19 басшы мен маман осы әдістеме бойынша білім алды.





