Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік байланысы іске қосылды

Қазақстанда Starlink Mobile спутниктік байланысы іске қосылды

Қазақстанда Direct to Cell технологиясы негізіндегі Starlink Mobile спутниктік мобильді байланысы іске қосылды. Жоба Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Beeline Қазақстан және Starlink компанияларымен бірлесіп жүзеге асырылуда.

Жаңа технология арнайы спутниктік телефонды, сыртқы антеннаны немесе қосымша жабдықты қажет етпей, үйлесімді смартфондардың спутниктерге тікелей қосылуына мүмкіндік береді. Пайдаланушылар жерүсті мобильді желісі жоқ аумақтарда хабарлама жіберіп, қабылдай алады, сондай-ақ базалық интернет-сервистерді пайдалана алады.

Жобаны іске қосу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы АҚШ-қа жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде мүмкін болды. Өткен жылдың қараша айында Министрлік пен Beeline Қазақстан Direct to Cell технологиясын енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ал желтоқсан айында алғашқы практикалық сынақтар өткізілді.

«2025 жылдың күзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары кезінде Қазақстан Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік байланысын енгізу туралы уағдаласты. Бүгінде бұл уағдаластықтың нақты іске асқанын көріп отырмыз. Қазақстан — Direct to Cell технологиясы Орталық Азияда алғаш рет практикалық сынақтан өтіп, енді пайдаланушыларға арналған сервис деңгейіне шыққан ел. Біз үшін озық технологиялардың халықаралық келісімдердің бір бөлігі болып қана қоймай, Қазақстанда нақты жұмыс істеп, адамдарға пайда әкелуі маңызды», — деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

Жерүсті мобильді желісі жоқ жерлерде байланыс

Starlink Mobile жерүсті байланыс инфрақұрылымын толықтыратын технология ретінде қарастырылады. Ол шалғай аудандарда, қала сыртындағы жолдарда және таулы жерлерде дәстүрлі мобильді байланыс болмаған жағдайда пайдаланылуы мүмкін.

Байланыс орнату үшін пайдаланушы жерүсті желісінің қамту аймағынан тыс жерде болуы және спутникпен байланыс орнатуға қолайлы жағдай болуы қажет. Beeline Қазақстан клиенттері үшін промо-кезеңде қызмет тегін ұсынылады.

Спутниктік байланыс жерүсті инфрақұрылымы зақымданған жағдайларда да пайдалы болуы мүмкін. Атап айтқанда, технология шалғай аумақтардан хабарлама жіберуге мүмкіндік береді және туристерге, елді мекендерден алыс тұратын тұрғындарға, жол және коммуналдық қызмет мамандарына, сондай-ақ елді мекендерден тыс жерде жұмыс істейтін мамандарға қажет болуы ықтимал.

«Beeline Қазақстанда жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде біз байланыс пен жаңа технологияларды дамытуға тұрақты түрде инвестиция салып келеміз. Қазақстан — аумағы бойынша әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі. Сондықтан қашықтық адамдардың заманауи технологияларға қол жеткізуіне кедергі болмауы тиіс. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту — елдің бәсекеге қабілеттілігі мен халықтың өмір сүру сапасына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция», — деді қазақстандық бизнесмен әрі «Верный Капитал» тобының инвесторы Болат Өтемұратов.

Өз кезегінде Beeline Қазақстан компаниясының CEO-сы Джаббор Каюмов жаңа технологияны іске қосу Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Beeline Қазақстан және Starlink мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

«Beeline Қазақстанда бұл технологияны алғаш болып іске қосып отыр. Ол мобильді байланыстың мүмкіндіктерін дәстүрлі қамту аймағынан тыс кеңейтуге мүмкіндік береді. Көп жылғы қажырлы еңбектің нәтижесі енді қазақстандықтардың пайдалануына қолжетімді. Біз қарапайым әрі байланыс бұрын қолжетімсіз болған жерлерде де байланыста қалуға мүмкіндік беретін жаңа деңгейдегі сервисті ұсынамыз», — деді Джаббор Каюмов.

Жоба Министрлік, Beeline Қазақстан және Starlink арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда. Серіктестіктің тағы бір негізі — Starlink пен Beeline Қазақстанның бақылау пакетін иеленетін VEON тобы арасындағы жаһандық негіздемелік келісім.

Starlink Mobile қызметін қалай қосуға болады

Қазіргі кезеңде сервис үйлесімді Android құрылғыларында қолжетімді. Болашақта қолдау көрсетілетін операциялық жүйелер тізімін кеңейту жоспарланып отыр.

Қызметті қосу үшін:

  • Janymda қосымшасын соңғы нұсқасына дейін жаңарту;

  • қосымшада Starlink қызметін белсендіру;

  • смартфон баптауларында деректер роумингін қосу;

  • жерүсті мобильді желісі болмаған жағдайда қажет болса, Beeline Starlink желісін қолмен таңдау қажет.

Кейбір жағдайларда спутниктік желі смартфонда 401 04 ретінде көрсетілуі мүмкін.

Ұқсас материалдар