Оның айтуынша, жоба қытайлық инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Нысанды 2029 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланған.
— Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясы салынады. Жобаға қытайлық инвестиция тартылған, құрылыс 2029 жылға дейін аяқталады, — деді ол.
Сонымен қатар Павлодар облысында қуаты 1 ГВт болатын тағы бір ірі жел электр станциясын салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл жоба халықаралық келісімдер аясында жүзеге асуы мүмкін.
Оның айтуынша, жел электр станциялары қанша тұтынушыны қамтамасыз ететінін нақты айту қиын, себебі электр энергиясын өндіру көлемі желдің жылдамдығына тікелей байланысты.
— Желдің күшіне қарай электр энергиясының өндірісі өзгеріп отырады: жел әлсіз болса, өндіріс азаяды, ал күшейсе — артады. Сондықтан қуатты нақты тұтынушылар санына байланыстыру қиын, — деді Тұрар Әлімжан.
Оның мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы «жасыл» энергетиканың үлесі шамамен 7,7%-ды құрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
— Бұл бағытта бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр, соның ішінде қуаты 500 МВт жел электр станциясының құрылысы бар, — деді ол.
Сонымен қатар ол Орталық Азиядағы су-энергетикалық ынтымақтастық мәселесіне тоқталды. Айтуынша, өңір елдері арасында ресурстар алмасу тетігі сақталған.
— Біз электр энергиясын жеткіземіз, ал оның орнына су ресурстарын аламыз. Бұл — жыл бойы жүзеге асатын өзара үдеріс, — деді ол.
Сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлесіп, халықаралық қаржы институттарының қатысуымен Қамбар-Ата су электр станциясын салу жоспары бар екені айтылды.
— Жоба қыс мезгілінде су ресурстарын жинақтап, жазда тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, — деді Тұрар Әлімжан.
Министрлік дерегінше, Қазақстан ішкі электр энергиясына деген сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен жекелеген уақыттарда аз көлемде импорт байқалады, оның жылдық үлесі шамамен 3–4%-ды құрайды.





