Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды

Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісі биыл жоғары нәтижеге қол жеткізді. Соңғы 15 жылда бұдан жоғары жалпы өнім тек екі рекордтық жылы тіркелген. Бұл көрсеткіш отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шаруалардың үлесін көрсетеді.

Бидай сапасы жақсарды

Егін жинау науқанының маңызды нәтижелерінің бірі — өнім сапасы. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, элеваторларға жеткізілген жұмсақ бидайдың шамамен 72%-ы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген сынамалардың 48%-ында желімтек мөлшері 28%-дан жоғары болған.

Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетті.

Жоғары сапалы астық азық-түлік өндірісінде пайдалануға, терең өңдеуді дамытуға және қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Астық экспорты рекордтық деңгейде

Қазақстанның экспорттық көрсеткіштері де оң динамиканы сақтап отыр. Соңғы екі маркетингтік жылда ел 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұнды астық эквивалентінде экспорттады. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық нәтижелер.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейін астық экспорты 1,657 млн тоннаны құрап, 9%-ға өсті.

Тыңайтқыш көлемі үш есе артты

Агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту аясында шаруаларды минералды тыңайтқыштармен және сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.

Соңғы үш жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі шамамен үш есе өсіп, 2025 жылы 1,8 млн тоннаға жетті. 2026 жылға жоспарланған 2,3 млн тоннаның 2,1 млн тоннасы енгізілді.

Элиталық тұқымдардың үлесі 12%-ға дейін өсті. Бұл алдағы уақытта өнімділік пен ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға негіз болады.

Ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып жатыр

2026 жылғы егін жинау жұмыстарына 130 мыңнан астам трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және басқа да 130 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды.

2023–2025 жылдары машина-трактор паркін жаңарту нәтижесінде техниканың тозу деңгейі 85%-дан 65%-ға дейін төмендеді. 2026 жылдың қорытындысы бойынша техниканы жаңарту қарқынын 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Саланы техникалық жарақтандыруға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да ықпал етуде. Бағдарлама басталғалы бері шаруалар 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 астық жинайтын комбайн сатып алды. Осы бағдарлама арқылы алынған техника елдегі тракторлар мен астық жинайтын комбайндардың жалпы паркінің шамамен 10%-ын құрайды.

АӨК дамуының басым бағыттары

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Негізгі міндеттер — фермерлердің жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру, техниканы жаңарту, заманауи агротехнологияларды енгізу және жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығының климаттық өзгерістерге бейімделуіне және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге басымдық беріліп отыр.

Бұл шаралар саланың тұрақтылығын нығайтуға, өндірістік ресурстарды тиімді пайдалануға және Қазақстанның астық нарығындағы позициясын сақтауға бағытталған.

Ұқсас материалдар