Қазақстанда теміржол вокзалдарының жолаушылар инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ел бойынша 124 вокзалды реконструкциялау және жаңғырту көзделген. Бүгінде оның 100 нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған.
Нысандардың техникалық жағдайына қарай қолданыстағы ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізіліп немесе жаңа жолаушылар кешендері салынды. Бірқатар вокзалдың аумағы кеңейтіліп, көтергіш конструкциялары күшейтілді, конкорстар салынды, жолаушылар платформалары мен аялдама павильондары жаңартылды.
Жаңғырту барысында барлық нысанда шатырлар мен қасбеттер жаңартылып, сумен жабдықтау, кәріз, жылу, электрмен жабдықтау және байланыс жүйелері ауыстырылды. Ғимараттардың ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, іргелес аумақтар абаттандырылды.
Вокзалдар заманауи жиһазбен және навигациялық жүйелермен, желдету және кондиционерлеу құралдарымен, бейнебақылау, өрт және күзет дабылдары, сондай-ақ кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталуда. Қауіпсіздікті күшейту үшін интроскоптар мен аркалы металл детекторлар орнатылуда.
Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін де қолайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Вокзалдарда пандустар, лифттер мен көтергіш құрылғылар, тактильді навигация, қызметкерлерді шақыру түймелері, бейімделген санитарлық бөлмелер және ақпараттық көрсеткіштер қарастырылған.
Ауқымды бағдарлама жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, теміржол инфрақұрылымын жаңартуға және заманауи талаптарға сай жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.





