Бізге жазылыңыз:

Қазақстан Орталық Азия өңірінен $30 млрд-тан астам инвестиция тартты

Қазақстан Орталық Азия өңірінен $30 млрд-тан астам инвестиция тартты

Қазақстан соңғы 20 жылда Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) елдерінен $30 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартты. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екінші Тянь-Шань форумының ашылуында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ОАӨЭЫ елдерімен тауар айналымы $8,8 млрд болды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 14,4%-ға жоғары.

Серік Жұманғарин өңірлік ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарының бірі ретінде өзара сауданы кеңейтуді атады. Оның айтуынша, экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту үшін сауда кедергілерін жою, рәсімдерді жеңілдету, электрондық сауданы дамыту және бизнестің көршілес мемлекеттер нарығына қолжетімділігін кеңейту қажет.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылып отыр. Қазақстан халықаралық дәліздердің өткізу қабілетін арттыруды, теміржол және автомобиль бағыттарын жаңғыртуды, сондай-ақ мультимодальды тасымалды дамытуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар шекаралық рәсімдерді цифрландыру, көлік жүйелерінің үйлесімділігін қамтамасыз ету және жүк жеткізу уақытын қысқарту маңызды міндеттердің қатарында.

Қазақстанның ОАӨЭЫ елдерінің экономикасына салған инвестициялары да $4 млрд-тан асты. Қазақстанда өңір мемлекеттерінің қатысуымен құрылған 28 мыңнан астам кәсіпорын және 2,5 мыңнан астам бірлескен компания тіркелген.

Вице-премьер инвестиция ағынын арттырумен қатар, капиталды жаңа өндірістер құруға, технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағыттаудың маңызын атап өтті.

Қазақстан халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуге де мүдделі. Перспективалы бағыттардың қатарында көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және цифрлық инфрақұрылым бар.

Өңірлік күн тәртібіне сауданы цифрландыру, климаттың өзгеруі және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері де енгізілген.

Екінші Тянь-Шань форумы 2–3 қараша күндері Алматыда «Орталық Азиядағы орнықты өзара байланыс пен сапалы инвестицияларды нығайту» тақырыбымен өтуде. Іс-шараны ОАӨЭЫ Институты мен Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігі Азия даму банкінің стратегиялық серіктестігімен ұйымдастырды.

Форумға ОАӨЭЫ елдерінің үкіметтері, халықаралық қаржы институттары, даму ұйымдары, бизнес және сарапшылар қауымдастығының 400-ге дейін өкілі қатысады деп күтілуде.

ОАӨЭЫ құрамына 10 мемлекет кіреді: Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия, Моңғолия және Пәкістан. Бағдарлама сауда, көлік, энергетика және басқа да салалардағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Ұқсас материалдар