Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 8%-ға өсті

Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы 8%-ға өсті

2026 жылдың алғашқы он айында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалының көлемі 8%-ға артып, 31,8 млн тоннаға жетті. 2025 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 29,4 млн тонна болған.

Жүк ағыны екі бағытта да өскен. Атап айтқанда, қаңтар–қазан айларында Қытайдан Қазақстанға 12,1 млн тонна жүк жеткізілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9%-ға жоғары.

Достық шекара станциясы арқылы 5 млн тонна жүк тасымалданып, өсім 13%-ды құрады. Ал Алтынкөл станциясы арқылы тасымал көлемі 7,1 млн тоннаға жетіп, 6%-ға артты.

Кері бағытта, яғни Қазақстаннан Қытайға 19,7 млн тонна жүк жөнелтілді. Бұл 2025 жылғы қаңтар–қазан айларындағы көрсеткіштен 8%-ға көп.

Осы бағытта Достық станциясы арқылы 13,1 млн тонна жүк өткізілді. Өсім 12%-ды құрады. Ал Алтынкөл арқылы 6,6 млн тонна жүк тасымалданып, көрсеткіш бір жылда 1%-ға артты.

Қазақстан Қытаймен көлік байланысын нығайтып жатыр

Жүк ағынының артуы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты жүйелі түрде дамыту жұмыстарымен байланысты.

Халықаралық теміржол қатынасын одан әрі кеңейту аясында шекара маңындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттыруға және логистикалық үдерістерді жетілдіруге басымдық беріліп отыр.

Бұл шаралар жүк тасымалы көлемін одан әрі ұлғайтуға, көлік бағыттарының тиімділігін арттыруға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Ұқсас материалдар