
– Біз жаңа пункттер ашып, тасымалдаушыларымызға жаңа мүмкіндіктер ұсынғымыз келеді. Жоспарымызда рейстер жиілігін арттырумен қатар ұшу географиясын кеңейту де бар, – деп атап өтті С. Томпиева.
Өз сөзінде комитет төрағасы Қазақстан мен Қытайдың авиация басшылығы арасында «ашық аспан» режимі туралы келісімге қол қойылғанын еске салды. Бұл рейстер санын екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Осы келісім аясында жаңа бағыттар мен жаңа тасымалдаушылар қосылған.
Сондай-ақ авиация саласына инвестиция тарту шаралары, соның ішінде әуехабтар салу мәселесі талқылануда.
– Қазақстанның географиялық орналасуы өте ұтымды, ал жүк әуе тасымалын дамыту жаһандық авиация картасындағы позициямызды нығайтуға көмектеседі, – деп толықтырды С. Томпиева.
Айта кетейік, «Орталық Азия – Қытай» (C5+1) бастамасы аясында азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші конференциясы Қазақстан астанасында өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Қытай Халық Республикасының авиация басшылары, азаматтық авиация және аэронавигация қызметтерінің өкілдері жиналды.
Жиында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-транзиттік интеграцияны дамыту, авиация мамандарының біліктілігін арттыру, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы халықаралық әуе бағыттары желісін кеңейту, жаңа технологияларды енгізу, экологиялық тұрақты авиацияны дамыту, сондай-ақ 2024 жылы Қазақстан бастамасымен құрылған Еуразиялық азаматтық авиация конференциясына (EACAC) мүше елдердің ынтымақтастығы талқыланады. Бұл ұйым Орталық Азия мемлекеттерінің ICAO, Еуропалық комиссия, IATA және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлескен жұмысында бірыңғай ұстанымын қалыптастыруға бағытталған.
Былтыр «Орталық Азия – Қытай» (C5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жұмыс тобының бірінші конференциясы Қытайдың Сиань қаласында өткен еді.