Қазақстан химия өнеркәсібіне 5 трлн теңгеге жуық инвестиция тартуды жоспарлап отыр

2035 жылға дейін еліміздің химия саласына 4,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспанов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, 2025 жылы өндіріс көлемі 5%-ға артады деп күтілуде. Бұл полипропилен шығару көлемінің 32%-ға, натрий цианидінің – 15%-ға, тыңайтқыштар мен сары фосфордың – 13%-ға ұлғаюымен, сондай-ақ жаңа жобалардың іске қосылуымен байланысты болмақ.
2025 жылдың I тоқсанында химия саласындағы өндіріс көлемі 12,5%-ға өсіп, 406 млрд теңгеге жетті.
Агрохимия бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр. 2030 жылға дейін фермерлерді отандық тыңайтқыштардың негізгі түрлерімен (азот, фосфор, калий) толық қамтамасыз ету – басты мақсаттардың бірі. Олардың жалпы өндіріс көлемі 4 млн тоннаға дейін жеткізіледі. Сонымен қатар карбамид, калий хлориді және дикальцийфосфат сияқты жаңа өнім түрлерін шығару жоспарлануда.
Мұнымен қатар, көмір химиясы бағыты да дамып келеді. CHN Energy және East China Engineering and Technology сияқты ірі компаниялармен бірлесіп жұмыс жүргізілуде. Қазақстанның көмір өндіруші кәсіпорындары мен ғылыми институттары тыңайтқыштар, абсорбенттер, наноматериалдар, дизель отыны сияқты өнімдерді өндіру технологияларын енгізіп жатыр.
Жалпы химия саласында бүгінде 49 жоба жүзеге асырылуда. Негізгі бағыттар – мұнай және металлургия өнеркәсібіне қажетті өнімдер өндіру. Мысалы, каустикалық сода ішкі нарықтағы қайта өңдеуші кәсіпорындарға жеткізіледі.
2025 жылдың екінші жартыжылдығында «Татнефть» компаниясымен бірлесіп бутадиен және оның туынды өнімдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталмақ. Сонымен қатар терефталь қышқылы мен полиэтилентерефталат өндіру жоспарда бар. Қазіргі таңда бұл жоба бойынша стратегиялық әріптес іздестірілуде.