Астана спорттық туризмді дамыту үшін Rakuten Sports-пен серіктестік орнатты
«Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы мен халықаралық технологиялық Rakuten Group құрамындағы Rakuten Sports спорттық туризмді дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Келісім аясында тараптар тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды іске асыруды және Астананың халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруды көздейді. Ынтымақтастықта спортпен қатар entertainment индустриясы мен бұқаралық іс-шаралардың заманауи форматтарына басымдық берілмек.
Rakuten Group — 1997 жылы Токиода құрылған жаһандық технологиялық компания. Оның қызметі электрондық коммерция, финтех, цифрлық контент, коммуникациялар және спорт бағыттарын қамтиды. Компания спорт саласында да бірқатар жобаларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, Rakuten Vissel Kobe футбол клубы мен Tohoku Rakuten Golden Eagles бейсбол командасының иесі, сондай-ақ NBA-ның Golden State Warriors клубының демеушісі болып табылады.
Rakuten Sports — топтың спорттық бизнесіне жауап беретін бағыт. Компания спорттың түрлі елдер мен мәдениеттердегі адамдарды біріктіретін құрал ретіндегі әлеуетіне сүйенеді. Оның желісінде командалар, лигалар, спортшылар мен халықаралық жарыстарды қоса алғанда, 130-дан астам құқық иеленуші бар.
Тараптардың пікірінше, жаңа серіктестік Астананың халықаралық спорттық кеңістіктегі байланыстарын кеңейтіп, шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар елорданың оқиғалық және MICE-туризм бағытындағы әлеуетін арттыруға жол ашылады.





