ЖАҢАЛЫҚТАР
Алматыда әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындарды қолдауға 30,5 млрд теңге бөлінді
Мегаполисте 2,2 миллионнан астам адам тұрады, олардың 370 мыңға жуығы әлеуметтік осал санатқа жатады. Бұл – зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, ардагерлер, жетім балалар және өзге де санаттар.
Биыл әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен 30,5 млрд теңге қарастырылған.
– Әлеуметтік төлемдердің атаулылығын және ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында цифрлық құралдар енгізілді. Соның ішінде FSM Social мобильді қосымшасы бюджет қаражатының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Нұрлан Әбдірахым.
2025 жылдың 9 айында 190 мың адамға жалпы сомасы 4,3 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді, оның ішінде аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Алматыда сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының (ХӘОТ) құқығын қорғау және олармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкіл институты енгізілген. Бұл жүйе азаматтардың өтінішін жүйелі түрде қарауға және құқықтық қорғауды күшейтуге бағытталған.
Жұмыспен қамту саласына да ерекше көңіл бөлініп отыр. 23 мың адам белсенді шаралармен қамтылған, олардың 11,4 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан, 11 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген, 770 адам кәсіби оқудан өткен. Сонымен қатар 433 жас кәсіпкер мемлекеттік грант алып, әрқайсысына 1,5 млн теңгеден бөлінген. Оның 63%-ы – көпбалалы отбасылар.
Зейнет жасындағы азаматтарды еңбек қызметіне тарту мақсатында «Алтын жас» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның шеңберінде зейнеткерлердің еңбекақысы 85 мың теңге мөлшерінде субсидияланады. 2025 жылы бұл бағдарламаға 487 зейнеткер қатысқан.
Жүргізіліп жатқан іс-шаралардың нәтижесінде Алматыда жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,4%-ға дейін төмендеді. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен төмен.
– Біз әлеуметтік осал топтарды қолдауға, инклюзивті ортаны дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жүйелі әлеуметтік саясатты жалғастырып келеміз. Басты мақсатымыз – әрбір тұрғынның лайықты өмір сүруі мен ертеңіне деген сенімін арттыру, - деді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым.
Сонымен қатар ол жастарды қолдау бағытында цифрлық құралдардың белсенді енгізіліп жатқанын айтты. ЖОО мен колледж түлектері «Enbek.kz» порталы арқылы онлайн-тәжірибеден өтеді, мұнда түйіндемелер мен бос жұмыс орындары жарияланып, келісімшарттар онлайн жасалады. Ал «Skills.enbek.kz» порталында жастарға арналған «Мансабыңды құр» атты онлайн-курс іске қосылған. Ол жұмысқа орналасуға қажетті базалық дағдыларды үйретеді. Сондай-ақ «Mansap.kompasy» платформасы арқылы жастар мамандықтар, оқу бағдарламалары, еңбекақы деңгейі және мансаптық мүмкіндіктер туралы ақпарат ала алады.





