
— Бұл бастама Қазақстанның әлемдегі табысты ғылымы бар елдерде қабылданған ғылымның жаңа ашық моделіне көшуіне байланысты. Эндаумент қорлары университеттерге ғылыми зерттеулер жүргізуге және Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жеке инвестиция тартуға қолдау көрсетудің негізгі элементінің біріне айналуы тиіс. Заңды әзірлеу кезінде эндаумент-қордың үздік тәжірибесі бар елдердің тәжірибесі ескерілді. Ең сәттісі ретінде америкалық эндаумент қорларының үлгісі негізге алынды, — деді вице-министр ОКҚ алаңында.
Сондай-ақ спикер эндаумент қорлары туралы жеке заң не үшін қажет болғанын түсіндірді және алдағы уақытта 5 эндаумент-қор құрылатытын атап өтті.
— Жеке заңның қажеттілігі эндаумент қорларының екіжақты табиғатымен байланысты — бір жағынан қайырымдылық, екінші жағынан инвестициялық қызметті біріктіріп, оны бір заң аясында реттеу қажет болды. Қазақстанда 22 эндаумент қоры бар. Олардың барлығы дерлік қарапайым қайырымдылық қорлары ретінде жұмыс істейді, орташа мөлшері 1 млрд теңгеден төмен. Ғылым және жоғары білімді дамыту тұжырымдамасына сай, 2029 жылға дейін 5 пилоттық эндаумент-қор құру жоспарланып отыр. Олардың капиталы 50 млрд теңге шамасында болады. Осыған байланысты 5 пилоттық эндаумент-қордың тізімі мен мақсатты бағытын айқындап алу қажет, — дейді Гүлзат Көбенова.
Эндаумент қорлары туралы жеке заңды әзірлеу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында көтерген. Кейін 2023 жылғы сәуірде Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші отырысында университеттің тұрақты экожүйесінің бөлігі ретінде эндаумент қорлары қажет екенін атап өтті.
Ал 2025 жылғы 30 маусымда Мемлекет басшысы «Нысаналы капитал қорлары және эндаумент қорлар (нысаналы капитал) туралы» заңға қол қойды.