— Менің көзқарасым бойынша, базалық мөлшерлемені көтеру шарасы бұл жолы өз рөлін айтарлықтай жақсы көрсеткен сияқты. Базалық мөлшерлеме төмен болса, ақша-несие саясаты жұмсақ болса, инфляцияның деңгейі қазіргіден әлдеқайда жоғары болатын еді. Біз орташа қатаң ақша-несие саясатын ұстап отырмыз. Бұл тұтынушылық мінез-құлықты тежеп, жинақтау әдетін ынталандырады. Бүкіл өлшемдерден осы тәсіл жұмыс істеп тұрғанын көріп отырмыз. Жинақтау әдеті деген — қолдағы ақшаны қазір жаратудан гөрі депозит сияқты ұзақ мерзімде жеміс беретін дүниеге салу, — деді ол.
Тимур Сүлейменов келер жылы инфляцияның қалай құбылатыны қосылған құн салығының жаңа мөлшерлемесіне де байланысты болатынын айтады.
— Келер жылы бағаның бәрі шарықтайды деп болжаудың қажеті жоқ шығар. Бірақ қандай да бір әсері болады. Одан кейін тарифтерді бір деңгейде қатырып қою мәселесіне сауатты келу керектігі түсінікті. 1 сәуірге дейін мораторий бар. Кейін босата бастаймыз. Осы кезде қалай болатынын, тарифтер қаншалықты өсетінін Үкімет айқындайды. Бұл да белгілі бір жолмен инфляцияға әсер етеді. Сондықтан инфляция болжамдары азайғанына қарай базалық мөлшерлемені, экономикадағы ақшаның құнын біртіндеп түсіре бастауға дайын боламыз, — деді Ұлттық банк басшысы.





