Бізге жазылыңыз:

Үкімет елдің 3 жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын пысықтайды

Үкімет елдің 3 жылдық әлеуметтік-экономикалық даму болжамын пысықтайды
Атап айтқанда, Үкімет мүшелері Қазақстан Республикасының 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қарастырып, алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесін пысықтайды. 

Отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында 

— Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов,

— Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов БАҚ өкілдері тарапынан туындайтын сауалдарға жауап береді.

Ұлттық экономика министрлігінің бұған дейінгі болжамына сәйкес, мұнайдың бағасы барреліне 80 доллар болған кезде жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2026-2028 жылдары 6 пайызға дейін жеделдейді. Атаулы Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі. Сыртқы саудада экспорт 2024 жылғы 83,1 млрд доллардан 2028 жылы 94,8 млрд жолларға дейін ұлғайып, импорт 60,7 млрд доллардан 65,6 млрд долларға дейін артады. Инфляция биыл 5,5-7,5 пайыз межелесінде болса, 2026-2028 жылдары 5 пайызға дейін баялайды. Республикалық бюджеттің кірістері 2026 жылға қарай 18,4 трлн теңге немесе 14,1 пайызға өсуі күтіледі.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында Үкімет өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын кешенді түрде тексеріп жатыр. Басты назар энергетикалық инфрақұрылымы әбден тозған және апат қаупі жоғары облыстарда болмақ.
Осы мақсатта Премьер-министрдің тапсырмасымен үкіметтік жұмыс топтары өңірлерге аттанып кетті. Олар бүгінге дейін еліміздің бірқатар өңіріндегі жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.

Айта кетейік, өткен аптада — 19 тамызда өткен Үкімет отырысында теміржол саласын дамыту және цифрландыру мәселесі талқыланды. Осы мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, теміржол желісінің жалпы пайдалану ұзындығы — 16 мың шақырым. Тозу деңгейі 57 пайызды құрайды. Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Осы проблемаларды шешу үшін 2029 жылға дейін 5 мың шақырым жаңа жол құрылысы мен жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар, 11 мың шақырым жолдың жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Мұнан бөлек қазіргі кезде мынадай 5 жоба бойынша жаңа құрылыс жұмыстары жүріп жатыр:

1. «Достық — Мойынты»,
2. «Алматы айналма теміржолы»,
3. «Дарбаза — Мақтаарал»,
4. «Мойынты — Қызылжар»
5. «Бақты — Аягөз».

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев өзі басқаратын ведомство теміржол саласын цифрландырудың мынадай бес бағытын іске асырып жатқанын айтады:

— мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру;
— тасымалдардың ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін бизнес-процестерді реинжинирингтеу;
— инновациялық экожүйе құру және цифрлық технологияларды енгізу;
— жолаушыларды OneWeb және Starlink спутниктік интернетімен қамтамасыз ету;
— транзиттік тасымалдарды онлайн бақылау жүйесін енгізу.
 «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы мен «Jusan Mobile» акционерлік қоғамы бірлесіп, пойыздарды OneWeb спутниктік интернет технологиясы арқылы сымсыз интернетпен қамтамасыз етуді сынақтан өткізуді аяқтады. OneWeb спутниктеріне бейімделген мультимедиялық қызметтер жабдығы қолданылды. Пилоттық жоба № ¾ (Астана — Алматы) және № 67/68 (Астана — Өскемен) Talgo пойыздарында жүзеге асырылды. Деректерді беру жылдамдығы — 100 Мбит/с. Сонымен қатар, Астана — Бурабай бағыты бойынша жүретін пойызда Starlink қолданылған пилоттық жоба іске қосылды. Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін, Министрлік оны масштабтау мәселесін қарастырады, — деді ведомство басшысы.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев болса қызмет ету мерзімі ұзартылған вагондарды пайдалануға шектеу енгізу қажеттігін алға тартты. 

— Осы шара отандық теміржол көлік өндірушілерін қосымша тапсырыстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде отандық өндірушілерден ҚТЖ үшін жүк вагондарын сатып алуға проценттік мөлшерлемені субсидиялауға бөлінген қаражат көлемі төмен. Осыған байланысты, аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін жеткілікті қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет, — деді министр.
Сонымен қатар ол өндірістерді тапсырыспен қамтамасыз ету мақсатында ұзақ мерзімді перспективада оффтейк-келісімшарттар жасау мәселесін пысықтауды ұсынды.

Талқылаған мәселені түйіндеген Үкімет басшысы Олжас Бектенов теміржол саласын цифрландыру кезінде IT-инфрақұрылымды басқарудың және ақпараттық жүйелердің интеграциясын жүргізудің тұтас тәсілін жүзеге асыру қажеттігін баса айтты.

Сондай-ақ жолаушылар тасымалы саласына ерекше назар аудартты. 

— Қызмет көрсету сапасы мен вагондардың жағдайына қатысты халықтың тарапынан арыз-шағымдар азайған жоқ. Бұл теміржол саласымен қатар, еліміздің имиджіне әсер етеді. Сондықтан барлық тасымалдаушылар жолаушылар вагондары мен локомотив паркін жүйелі түрде жаңарып отыруын қамтамасыз етуі қажет, — деді ол.
Отырыс соңында Премьер-министр бірқатар нақты тапсырма берді. 

Атап айтқанда, бизнес мемлекетаралық өткізу бекеттерінде жүктердің тұрып қалу проблемасымен кезігіп отыр. Осыған орай Көлік, Қаржы министрліктері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен бірлесіп, шекарада жедел әрі сапалы мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.

2028 жылы жолаушылар вагондарының паркі 3 мыңнан асады. Бұл тозығы жеткен вагондарға қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді. Алайда жеке тасымалдаушылар өз вагондарын жаңартуда қиындықтарға тап болып отыр. Осы мақсатта Көлік министрлігі жеке тасымалдаушыларды қолдау шараларын әзірлеуі тиіс. Бұл жалпы жолаушылар және жүк тасымалының сапасына оң әсер етеді.
Мұнан бөлек, Өнеркәсіп және Көлік министрліктері кәсіпорындарды ұзақмерзімді келісімшарттармен қамтамасыз ете отырып, машина жасау өндірісін локализациялауды кезең-кезеңмен арттыруға бағытталған үлгілік келісімдерді әзірлеуі тиіс.

Ұқсас материалдар