Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын қалыптастыру жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Негізгі мақсат – халық үшін дәрі-дәрмектің қолжетімділігін сақтау, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және фармацевтикалық нарықтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
Мемлекеттік баға реттеуі барлық дәрілік заттарға емес, арнайы тізбеге енгізілген препараттарға ғана қолданылады. Осыған байланысты дәрілік заттардың шекті бағасын белгілеу қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізілді.
Жаңашылдықтардың қатарында баға есептеу кезінде маркетингтік және көлік шығындарын алып тастау, сауда үстемелерінің бірыңғай регрессивті шкаласын енгізу, сондай-ақ бағаны салыстыру үшін пайдаланылатын елдер тізімін жаңарту бар. Бұдан бөлек, халықаралық ақпараттық деректер базалары негізінде сыртқы салыстырмалы баға белгілеу механизмі іске қосылды.
Шекті бағаны есептеу тәртібі де өзгерді. Енді есептеу барысында тіркелген дәрілік заттар туралы мәліметтер, өндірушілер мен тіркеу куәліктерінің иелері ұсынған ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер ескеріледі. Баға белгілеу кезінде ең төменгі үш бағаның орташа көрсеткіші негізге алынады.
2026 жылы бағасы мемлекет тарапынан реттелетін дәрілік заттардың тізбесі жаңартылды. Қазіргі таңда мемлекеттік реттеу 3039 рецепт арқылы босатылатын дәрілік затқа қолданылады. Сонымен қатар 4918 дәрілік зат бағаны реттеу жүйесінен шығарылды. Олардың қатарында құны бір айлық есептік көрсеткіштен аспайтын рецепт бойынша берілетін дәрілер және барлық рецептсіз босатылатын препараттар бар.
Сондай-ақ өндірушілердің шекті бағалары мен көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағалар қайта қаралды. Жаңартылған бағалар тиісті құжаттар ресми жарияланғаннан кейін күшіне енеді.
Министрліктің мәліметінше, сауда үстемелерінің регрессивті шкаласы әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттардың бағасын бақылауда ұстап, олардың халық үшін қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік береді. Осылайша жаңа тетік азаматтардың мүддесі мен фармацевтикалық нарықтың тұрақты дамуы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.





