Қазақстанда Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі бағыттарға пайдаланылмай жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу, жер қатынастарын цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану және аграрлық ғылымды дамыту жатады.
Жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілуде
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылған. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша оның 13,5 млн гектары қайта бөлінді.
Оның ішінде 5,5 млн гектар жер жергілікті халықтың ортақ пайдалануына жайылым ретінде, тағы 8 млн гектар ауыл шаруашылығы өндірісі субъектілеріне конкурстық негізде берілді.
Сонымен қатар бұрын қайтарылған 7,5 млн гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жөніндегі тапсырма орындалды. Оның 3,5 млн гектары халыққа жайылым ретінде, 4 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілген.
Жерді қайта бөлу Жер кодексі мен белгіленген конкурстық рәсімдерге сәйкес жүргізіледі. Өңірлерде халыққа жайылымдарды бекітіп беру, жерді пайдалану құқығын ұсыну, елді мекендердің шекарасын кеңейту және учаскелерді резервке қою сияқты түрлі тетіктер қолданылуда.
АӨК-ке цифрлық технологиялар енгізілуде
Жер ресурстарын тиімді басқару үшін цифрлық құралдар, ғарыштық мониторинг және геоаналитика кеңінен қолданылып келеді. Бұл технологиялар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтауға, жердің жағдайын бақылауға және оны бөлу процесінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
2026 жылы агросекторда жасанды интеллектіні пайдалану аясы да кеңейіп жатыр. Соның бір мысалы – ара селекциясы мен омарта шаруашылығын басқаруға арналған Apislab цифрлық платформасы.
Алдағы уақытта цифрлық шешімдерді ресурстарды басқару мен селекциядан бастап егістіктердің жағдайын бақылау және шаруашылықтардың тиімділігін арттыруға дейінгі бағыттарда кеңейту жоспарлануда.
Аграрлық ғылымға 28,9 млрд теңге бағытталды
Аграрлық ғылымды дамыту да мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын тігінен интеграцияланған агрохабқа айналдыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазір орталық құрамында 33 еншілес ұйым бар. Олардың қатарында жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, тәжірибе станциялары және тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтар кіреді.
2026 жылы жалпы құны 28,9 млрд теңге болатын 34 ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру аяқталуы тиіс. Зерттеу нәтижелері егін және мал шаруашылығында, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында қолданылмақ.
Ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға жеткізу міндеті қойылған. Қазір бұл көрсеткіш 22% деңгейінде. 2023 жылы 17%, 2024 жылы 19% болған.
Жаңа сорттар мен агротехнологиялар әзірленуде
2026 жылы топырақтың құрғауы мен сортаңдануына төзімді «Батырхан» жаздық арпа сорты әзірленді. Сонымен қатар вируссыз отырғызу материалын өндіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Оңтүстік Кореяның VITROSYS INCORPORATION компаниясы in vitro технологиясы арқылы тұқымдық картоп өндіру жүйесін құру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Алматы облысында алма ағашының вируссыз тамыр сабақтарын өсіру базасы құрылып жатыр. Бұдан бөлек, отандық «Апорт» алма сортын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.
Халықаралық ынтымақтастық аясында қазақстандық және қытайлық ғылыми ұйымдар биопестицидтер әзірлеу және оларды ел ішінде өндіруді жолға қою бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл импорттық химиялық өсімдіктерді қорғау құралдарына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Аграрлық университеттерге 57 млрд теңге бөлінеді
Аграрлық ғылым мен білімді дамыту мақсатында екі зерттеу университетіне ерекше назар аударылып отыр. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетін дамытуға 20,4 млрд теңге, ал Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне 36,6 млрд теңге қарастырылған.
Жалпы көлемі 57 млрд теңге болатын бұл қаржы ғылыми-білім беру әлеуетін күшейтуге, материалдық-техникалық базаны жаңартуға және заманауи зерттеу орталықтарын қалыптастыруға бағытталмақ.
Осылайша, Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту бірнеше бағытта қатар жүргізіліп жатыр. Қайтарылған жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект ресурстарды басқаруды жетілдіруге, ал ғылыми әзірлемелер өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталуда.





