ЖАҢАЛЫҚТАР
Энергетика министрлігі электр энергиясын сатып алуда тәртіп орнатуға неге асықпайды

Жақсы болсын деген ниет
Электр энергиясының тарифтеріне әрдайым ерекше назар аударылып келген. Өйткені ол әрі тұрмыста, әрі бизнесте ең негізгі шығындардың бірі. Бірнеше жыл бұрын елде жалпы энергетикалық қуаттардың жетіспеуі секілді іргелі проблемалардан бөлек, тұтынушылар үшін аз да болса ауырлық тудыратын басқа да мәселелер бары белгілі болды. Соның бірі – энергетикалық нарықтағы делдалдардың көптігі.
Олардан құтылу үшін 2023 жылдан бастап елде Бірыңғай сатып алушы жұмыс істей бастады. Ол Энергетика министрлігінің еншілес компаниясы ретінде құрылған. Жоспар бойынша, бұл құрылым барлық өндіріс орындарынан электр қуатын көтерме бағамен сатып алып, оны жеткізушілерге және ірі тұтынушыларға қайта сатуы тиіс еді. Осылайша, делдалдар нарықтан ығыстырылмақ болды. Ал маневр жасауға мүмкіндік болу үшін ведомство баланс нарығына да талдау жүргізеді. Бұл энергия өндіруші ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы есеп айырысудың бөлек тетігі. Қарапайым тілмен айтқанда, Бірыңғай сатып алушы елді стратегиялық тұрғыда электр қуатымен қамтамасыз етуді кепілдендірсе, баланс нарығы жүйенің нақты сағаттардағы «ақсап қалмауын», яғни кернеу секірістерінің болмауын қадағалауы тиіс еді.
Алайда бұл да Қазақстан энергетикалық жүйесінің жаңа проблемасына айналды. Себебі баланс нарығындағы тарифтер Бірыңғай сатып алушы ұсынған бағалардан өзгеше болды. Бұл барлық тарапты өздерінің тәуліктік қажеттіліктерін дәл есептеуге ынталандыруы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде түрлі айла-шарғыларға жол ашып берді.
Заңда «провайдерлер» деген ірі ойыншыларға да мүмкіндік берілді: олар энергияны тікелей өндірушілерден сатып алып, тұтынушыларға келісімшарт бойынша сата алады. Яғни биржалық сауда тетігі іске қосылды. Бірақ біріншіден, мұндай провайдерлер тым көбейіп кетті, екіншіден, олардың мәмілелері мүлдем ашық болмай шықты. Жоғарғы аудиторлық палата бұл тетікті майнерлер де пайдаланып, электр қуатын баланс нарығы арқылы алған болуы мүмкін деп топшылайды.
– Баланс нарығындағы тарифтер белгілі бір формулалар негізінде бекітіледі. Бұл формулалар нақты көрсеткіштерді таңдауда таңдамалы әрі субъективті көзқарасқа мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде 34,7 млрд теңгеге дейін тарифтің негізсіз қымбаттауына жол берілген. Ал ақыры оны тұтынушылар төлеген, – деген қорытынды жасады ЖАП биыл көктемде.
Олар шығын жасайды, ал төлейтін – біз
«Атамекен» ҰКП-ның басқарушы директоры Жақып Хайрушевтың айтуынша, мәселе әлі де өзекті болып отыр.
– Ірі тұтынушылар мен кейбір энергия өндіруші ұйымдар көбіне адал жоспарлаудан жалтарады, тәуліктік тұтыну және өндіріс кестесін мүлдем тапсырмайды немесе әдейі бұрмалайды. Бұл Екіңғай энергия жүйесінде елеулі ауытқуларға, тұрақсыздыққа әкеліп соғады, сонымен қатар электр энергиясын шұғыл түрде сырттан импорттауға мәжбүрлейді. Мұның бәрі электр қуатының сатып алу құнын қымбаттатып, соңғы бағаға, соның ішінде шағын және орта бизнеске де кері әсерін тигізеді, – дейді ол.
Оның айтуынша, баланс нарығында туындайтын теңсіздіктердің кесірінен Қазақстан кейде электр қуатын Ресейден шұғыл түрде қымбат бағамен сатып алуға, ал кейде керісінше, көршілеріне арзанға сатуға мәжбүр болады. Бұл тәуекел қазір Бірыңғай сатып алушының босату тарифіне кіріктіріліп отыр. Яғни ірі ойыншылардың есепсіздігі немесе әдейі жасаған бұрмалауы үшін бәріміз төлейміз.
Жақып Хайрушевтің сөзінше, жағдай қазір өте ауқымды мәселеге айналып барады.
– Тұрақты ауытқулар мен баланс тетігіндегі ашықтықтың жоқтығы инвесторлардың сенімін әлсіретеді. Энергияны көп қажет ететін салаларда жұмыс істейтін немесе жаңғыртуға ниетті ШОБ үшін мұндай жағдай қосымша белгісіздік туғызып, дамуға кедергі келтіреді. Біз қазірдің өзінде энергия шығындарының артуы отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етіп отырғанын байқап отырмыз. Әсіресе тариф саясаты анағұрлым тұрақты елдерден келетін импорттық өнімдермен салыстырғанда, – дейді ол.
Сондықтан энергетик салалық министрлікті Жоғарғы аудиторлық палата жүргізген аудит қорытындыларын және жалпы энергетикалық нарықтағы жағдайды кәсіби қауымдастықпен мүмкіндігінше тезірек талқылауға шақырады.
Өздері шеше алмай отыр
Сын айтылғаннан кейін көп ұзамай энергия сатып алу мен баланс нарығына жауапты KEGOC-тың еншілес компаниясы inbusiness.kz ресми сауалына жауап берді. Онда: «Электр энергиясының көтерме нарығы құрылымын толыққанды талдау үшін, соның ішінде Бірыңғай сатып алушының жоспарлы нарығы мен баланс нарығының өзара байланысын түсіну үшін және дисбалансқа қатысты баға қалыптастыру тетіктерін зерделеу үшін көбірек уақыт қажет» деп мәлімделген.
Жоғарғы аудиторлық палата баланс нарығындағы нормалардағы олқылықтарды майнерлер пайдалануы мүмкін деп болжаған еді. Бірақ бұл жайтқа «КОРЭМ» АҚ тарапынан ешқандай түсініктеме берілмеді.
Үкіметтің баспасөз конференциясында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтан ЖАП ескертуінен кейін қандай жұмыстар атқарылғанын нақтылауға тырысты, бірақ нәтиже болмады. Шенеунік 2025 жылдың басында баланс нарығында тариф қалыптастыру ережелері қатаңдатылғаннан кейін сатып алушылар мен жеткізушілер тәуліктік көлемдерді есептеуге және жоспарлауға мұқият қарай бастағанын айтты.
– Біз айыппұл санкцияларын жиі қолдана бастадық. Бірақ дұрыс түсініңіздер: бұл санкциялар бәріне бірдей емес, тек дисбалансқа жол берген субъектілерге ғана қолданылады, – деді ол.
Сұңғат Есімханов барлық мүдделі тараппен жұмыс жүргізіліп жатқанын, Энергетика министрлігі механизмдерді талқылауға да, жетілдіруге де дайын екенін айтты. Алайда ЖАП аудитінің қорытындысы бойынша нақты қандай шаралар қолға алынғанын ашып айтпады.
Жақып Хайрушевтің пікірінше, электр тарифін қалыптастырудағы ашықтықты арттыру үшін проблемаларды министрлік пен оған қарасты компаниялардың кабинет ішінде ғана талқылауы жеткіліксіз. Бұл процеске шағын және орта бизнес өкілдерін кеңінен тарту қажет. Өйткені қазіргі жағдайда ең көп зардап шегіп отырған да – солар. Көбінесе ұзаққа созылатын талқылаулардың кесірін олар тартады. Ал олардың артынан – қарапайым қазақстандықтар: қымбат электр жарығы барлық тауар бағасының қымбаттауына алып келеді.