Бізге жазылыңыз:

Елде бидай импортын уақытша тоқтату ұсынылды

Елде бидай импортын уақытша тоқтату ұсынылды

Қазақстанда бидай импортына алты ай мерзімге уақытша тыйым салу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды.

Құжатқа сәйкес, үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден автомобиль, су және теміржол көлігі арқылы бидай әкелуге алты айға шектеу енгізіледі.

Алайда бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, теміржол арқылы құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарына, лицензияланған элеваторларға, сондай-ақ «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясына бидай әкелуге рұқсат беріледі.

Сонымен қатар бұл астықты ішкі немесе сыртқы нарықта өткізуге тыйым салынады.

Шектеу Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырылатын теміржол транзиттік тасымалдарына, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жеткізілімдерге қолданылмайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл шара отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға және олардың өнімін өткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұйрық жобасы 1 шілдеге дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылаудан өтеді.

Ұқсас материалдар