
– Кейінгі жылдары жаһандық экономикалық жағдай елеулі өзгерістерге ұшырады: геосаяси шиеленістер әлемдегі сауда ағындары мен тікелей шетелдік инвестицияларға әсер етіп отыр. Қиындықтарға қарамастан, мұндай өзгерістер кейбір елдер үшін, әсіресе халықаралық логистикалық бағыттардың қайта бөлінуі есебінен, Орталық Азиядағы мемлекеттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазірге дейін ЕҚДБ Қазақстанға 340 жоба аясында 11 млрд еуродан астам инвестиция салды. Елдегі ең ірі институционалдық инвестор ретінде Қазақстанды жаңа экономикалық мүмкіндіктерді игеру жолында қолдауды жалғастыру ниетіміз бар. Осы мақсатта банк шетелдік инвесторлар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы диалог алаңы саналатын Шетелдік инвесторлар кеңесінің құрылуына жәрдемдесті.
Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның экономикалық өсімі біраздан бері шикізат экспортының есебінен қамтамасыз етілді. Дегенмен, төмен көміртекті экономикаға көшу көмірсутектерге әлемдік сұраныс құрылымын өзгертіп жатыр. Табиғи ресурстарды өндірудегі бай тәжірибесі бар Қазақстан бұл әлеуетті «жасыл» экономикаға қажет стратегиялық маңызды шикізатты игеру үшін пайдалана алады. Бұл ретте ел экономикасын әртараптандыру қажет. ЕҚДБ жеке секторды дамытуға, тұрақты инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ экономиканы декарбонизациялау мен цифрландыруға қолдау көрсетеді.
2022 жылы ЕҚДБ Директорлар кеңесі Үкіметпен келісе отырып әзірленген Қазақстанмен ынтымақтастықтың бес жылдық стратегиясын бекітті. Ол үш негізгі бағыт бойынша құрылған: жеке сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, интеграциялық деңгей мен мемлекеттік басқару сапасын арттыру; экологиялық тұрақты дамуға жәрдемдесу және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу; жеке сектордың қатысуы арқылы экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту және гендерлік теңдікті ілгерілету.
Қазақстан Үкіметі энергетика, көлік, цифрландыру және сумен жабдықтау салаларындағы жобаларды қамтитын 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымды дамыту жоспарын бекітті. ЕҚДБ қазірдің өзінде бұл жоспарды жүзеге асыруға белсене атсалысып, Ақтөбедегі ағынды суларды тазарту қондырғысын қайта салу және Батыс Қазақстан электр жүйесін елдің бірыңғай электр желісіне қосу арқылы электр жүйесінің тұрақтылығын арттыру сияқты негізгі жобаларды қаржыландырып отыр. Алдағы бес жыл ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға кемінде 2 млрд еуро бөлуді, сондай-ақ осы мақсаттарға қосымша қаражат тартуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, банк энергетика, қалалық көлік, денсаулық сақтау және білім беру салаларына инвестиция тарту үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерінің дамуына қолдау көрсетуде.
Қазақстан ішінде, Орталық Азия елдері арасында және одан тыс жерлерде сауданы арттыру Транскаспий көлік дәлізін (ТКД) дамыту арқылы едәуір нәтиже беруі мүмкін. Қазақстан бұл өңірлік интеграция бастамасын іске асыруда негізгі рөл атқарады. Ел үшін автожол әрі теміржол желілерін жаңғырту, шекара инфрақұрылымын жетілдіру және сауда мен тауарлардың қозғалысына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою маңызды.
Бұл бағытта біз мемлекеттік және жекеменшік көлік-логистика компанияларын белсенді түрде қолдаймыз. 2025 жылдың маусым айының соңында Қазақстанға жасаған сапарым барысында ЕҚДБ ұлттық жол операторы «ҚазАвтоЖолмен» Батыс Қазақстандағы 234 шақырым автожолды қайта жаңарту жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоба II санаттағы жолды заманауи I санаттағы тас жолға айналдырып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытының маңызды бөлігіне айналмақ.
ЕО мен Қазақстан арасындағы стратегиялық маңызды шикізат материалдары саласындағы әріптестікті қолдаймыз — бұл болашағы зор кен орындарын игеруден бастап геологиялық-мәліметтер базасын жаңғыртуға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Ашықтық деңгейін арттыру инвестиция тартуға, экономикалық өсімге және жаңа жұмыс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасайды. Қарағанды облысындағы «Сарытоған» графит кен орны бойынша жобамыз – осындай жұмыстың жарқын мысалы.
Энергетика, инфрақұрылым және шикізат ресурстарынан бөлек, ЕҚДБ Қазақстан экономикасын әртараптандыруға жеке секторға инвестиция салуды қолдау арқылы көмектесіп келеді. Жергілікті кәсіпорындар дамымайынша, тұрақты өсім мен сапалы жұмыс орындарын құру мүмкін емес. Елдегі серіктес банктер арқылы шағын және орта бизнесті қаржылық әрі консультациялық тұрғыдан қолдаймыз.
– ЕҚДБ Қазақстанда «жасыл» экономикаға көшу стратегиясы аясындағы жобаларды қалай қолдайды? Банк экологиялық проблемалар бар және таза энергияға қол жеткізу мәселесі өзекті өңірлерде де жобаларды қаржыландыра ма? Бұл қадам Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына жету мақсатына қаншалықты сәйкес келеді?
– 2024 жылы ЕҚДБ Қазақстанға жылдық инвестиция көлемін үш еседен астам ұлғайтып, жалпы құны 913 млн еуроны құрайтын 25 жобаға қол қойды. Бұл қаражаттың 61 пайызы ел аумағындағы «жасыл» жобаларды қолдауға бағытталды. Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Сонымен қатар, экономиканы әрі қарай декарбонизациялау үшін энергия жинақтау жүйелерімен (аккумуляторлармен) жабдықталған ЖЭК нысандарын салуға арналған аукциондарды жандандыру қажет.
ЕҚДБ серіктес банктермен бірлесіп, Green Economy Financing Facility (GEFF) бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұл бағдарлама жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды ынталандыруға және жекеменшік секторда энергия тиімділігін арттыруға бағытталған. GEFF аясында бөлінетін қаражат микрокәсіпорындарға, шағын және орта бизнеске, сондай-ақ елдің шалғай аймақтарын қоса алғанда үй шаруашылықтарына климаттың өзгеруіне бейімделуге, қоршаған ортаның ластануын азайтуға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға көмектеседі.
Бұл тәсіл Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық бағытына тікелей сәйкес келеді және ұзақ мерзімді перспективада орнықты, экологиялық бағдарланған экономиканы қалыптастыруға ықпал етеді.ЕҚДБ Қазақстанда шағын және орта бизнесті (ШОБ), әсіресе, шалғай аудандарда қалай қолдауды жоспарлап отыр?
– ЕҚДБ-ның Қазақстандағы ШОБ-ты қаржыландыру және дамыту бағдарламасы түрлі салалардағы кәсіпорындарға Advice for Small Businesses бастамасы аясында консультациялық қызметтер мен басқа да қаржылық емес қолдауды алуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама өсу әлеуеті жоғары компанияларға, сондай-ақ микро және шағын бизнеске, оның ішінде шалғай аудандардағы кәсіпорындарға басымдық береді.
Сонымен қатар, ЕҚДБ ШОБ-ты дамыту үшін жергілікті қаржы серіктестерімен тәуекелдерді бірлесіп бөлу туралы келісімдер (Risk Sharing Facility, RSF) арқылы қаржыландыру жүргізеді. Бұл тетік ұсақ әрі шалғайдағы бизнеске қаржы ресурстарына қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтіп, нақты секторды қолдауға мүмкіндік береді. 2020 жылдан бастап RSF аясында жүргізілген операциялардың көлемі 21 млн еуроға жуықтады. 2001 жылдан бастап Қазақстандағы 4 000-ға жуық шағын және орта бизнес ЕҚДБ-дан бизнес-консультациялар мен салалық сараптамалық қолдау алды. Ал 2015 жылдан бері 20 000-нан астам кәсіпкер қаржылық емес қызметтер — оқыту бағдарламалары, семинарлар мүмкіндіктері арқылы қолдау көрді. Бұған қоса, 200 000-ға жуық кәсіпкер цифрлық оқу материалдарына қол жеткізді.
Біздің бағалауымыз бойынша ЕҚДБ қолдауын алған шағын кәсіпорындардың шамамен 70%-ы Алматы мен Астанадан тыс орналасқан, ал қолдау көрсетілген компаниялардың жартысынан астамын әйелдер басқарады. 2015 жылдан бері ЕҚДБ көмегімен жергілікті ШОБ-тарда 9 800-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Advice for Small Businesses бағдарламасы Қазақстан Үкіметінің қолдауымен жүзеге асырылып келеді және жақында бұл әріптестік тағы бес жылға ұзартылды. Жаңа келісім аясында өсу әлеуеті жоғары орта бизнеске ерекше назар аударылмақ.
– Орталық Азия елдерінің су ресурстары және климаттық тұрақтылықты күшейту саласындағы ынтымақтастығын ЕҚДБ қатысуымен қалай нығайтуға болады?
– Орталық Азияда 83 млн-нан астам адам тұрады және олардың әрбір төртіншісі таза ауыз суға тұрақты түрде қол жеткізе алмайды. World Resources Institute ұйымының болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай бүкіл әлем бойынша шамамен бір млрд адам су тапшылығына тап болады. Бұл жағдай экономика мен ауыл шаруашылығында елеулі мәселелерге алып келеді. Орталық Азия елдері бұл дағдарыстан зардап шегуі мүмкін. ЕҚДБ жаһандық жылыну процесін өз күшімен тоқтата алмайтыны немесе оның салдарын толық жоя алмайтыны түсінікті. Бірақ банк сумен қамтамасыз етуді кеңейту, су ресурстарын басқаруды жетілдіру және оларды ұтымды пайдалануды ілгерілету арқылы климаттың өзгеру салдарын жұмсартуға белсенді түрде атсалысып отыр. Өңірдегі муниципалдық ауыз су және кәріз жүйелерінің көпшілігі кейінгі 30 жылда елеулі инвестиция немесе жаңғырту көрмеген, ал ауылды жерлерде көбіне ауыз су мен тазарту нысандары жасақталмаған.
ЕҚДБ бұл мәселені инвестиция мен техникалық көмек арқылы шешіп жатыр. Маусым айында банк Өзбекстанның Су ресурстары министрлігіне елдің 10 өңіріндегі суару жүйелерін қамтамасыз ететін 110 сорғы станциясын жаңғырту үшін 250 млн АҚШ доллары көлемінде несие берді. Стратегиялық міндеттемеміз аясында Өзбекстан үшін аса маңызды осы секторға инвестиция салуды жалғастырып келеміз.
Қазақстанда жеке сектордың қатысуы сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға қалай ықпал ете алатынын көрсеттік. Шымкентте муниципалдық операторды көпжылдық қолдау нәтижесінде, қаланың 1,2 млн-нан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкін болды. Осы қаладағы компания коммуналдық қызметтерге жеке секторды тарту арқылы қандай нәтижелерге қол жеткізуге болатынының нақты үлгісі әрі тиімді жұмыстың эталонына айналды.
Қырғыз Республикасында 26 муниципалитетте таза ауыз суды қамтамасыз етуге көмектестік. Бұл өз кезегінде қала қызметтерін жаңғырту, су шығынын азайту және муниципалитеттердің тұрақтылығын арттыру арқылы жүзеге асты. Халық тығыз орналасқан өңірлерді қамтыған жобалар елге жүйелі түрде әсер етті.
Тәжікстанда 21 муниципалитетте таза ауыз суға қол жеткізуге жәрдемдестік, яғни тұрмыс пен санитариялық жағдайды жақсартуға жағдай жасалды.