Бізге жазылыңыз:

Зейнетақы активтерін басқару жүйесі өзгеруі мүмкін

Зейнетақы активтерін басқару жүйесі өзгеруі мүмкін

Қазақстанда зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру үшін жеке басқарушылардың рөлін кеңейту және жасқа қарай инвестициялық стратегияларды енгізу ұсынылып отыр.

Зейнетақы активтерін басқару жүйесін жаңарту Капитал нарығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған бағдарламасы жобасында қарастырылған. Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банкпен, нарық қатысушыларымен және сарапшылармен бірлесіп әзірледі.

Реформа қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негіздерін өзгертпейді. Міндетті жарналар бұрынғыдай БЖЗҚ-ға түсіп, салымшылардың жеке шоттарында есепке алынады. Қор жинақтарды есепке алу мен төлемдерді ұйымдастыруды жалғастырады, ал Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқару және инвестициялық саясатты қалыптастыру функцияларын сақтайды.

Қазір Ұлттық банк зейнетақы активтерінің 99,7%-ын басқарады. Портфельдің 61%-ы мемлекеттік бағалы қағаздарға, 22,5%-ы корпоративтік облигацияларға, 12%-ы акцияларға салынған. Ал жеке басқарушылардың сенімгерлік басқаруында 88,6 млрд теңге, яғни активтердің шамамен 0,3%-ы ғана бар.

Бағдарлама аясында лицензиясы бар жергілікті инвестициялық портфель басқарушыларының зейнетақы активтерінің жекелеген мандаттарына қатысуын кезең-кезеңімен кеңейту ұсынылады. Басқарушыларды конкурстық негізде таңдап, оларға активтердің белгілі бір санаттарын басқару құқығын беру көзделеді.

Алғашқы кезеңде ең сенімді әрі өтімді құрал ретінде мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша жеке субпортфель қалыптастыру ұсынылады. Кейін бұл тәсілді корпоративтік облигациялар мен акцияларға да қолдану мүмкіндігі қарастырылады.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын қорғау талаптары күшейтіледі. Активтер басқарушы компаниялардың өз қаражатынан және басқа клиенттердің активтерінен бөлек сақталып, операциялар тәуелсіз кастодиандық бақылаудан өтеді. Басқарушы банкрот болған жағдайда да зейнетақы қаражаты оның міндеттемелерін өтеуге пайдаланылмайды.

Сонымен қатар басқарушыларға капитал жеткіліктілігі, тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және ақпаратты ашу бойынша қатаң талаптар қойылады.

Жаңа тәсілдердің бірі — салымшының жасына қарай инвестициялау стратегиясын өзгерту. Жас азаматтардың жинақтары кірістілік әлеуеті жоғары құралдарға көбірек бағытталуы мүмкін. Ал зейнеткерлік жас жақындаған сайын портфель біртіндеп консервативті сипатқа көшіп, нарықтағы күрт өзгерістерден жинақтарды қорғауға басымдық беріледі.

Ұсынылған шаралар бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі. Әрбір кезеңде реформаның нәтижелері мен ықтимал тәуекелдер бағаланып отырады.

Ұқсас материалдар