Бізге жазылыңыз:

Отбасының цифрлық картасы 30-дан астам мемлекеттік дерекқордан ақпарат алады

Отбасының цифрлық картасы 30-дан астам мемлекеттік дерекқордан ақпарат алады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Отбасының цифрлық картасының жұмыс істеу тәртібі мен мемлекеттік ақпараттық жүйелерден мәліметтерді қалай алатынын түсіндірді.

Платформа 30-дан астам мемлекеттік дерекқормен интеграцияланған. Ақпарат алмасу электрондық үкімет шлюзі арқылы жүзеге асырылады. Жиналған мәліметтер біріктіріліп, әр отбасының бірыңғай цифрлық бейіні қалыптастырылады.

Ақпараттың едәуір бөлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 10 ақпараттық жүйесінен алынады. Оларда зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер, мүгедектік, еңбек шарттары, сондай-ақ азаматтардың соңғы үш айдағы ресми табыстары туралы мәліметтер бар.

Тағы бес ақпараттық жүйе Әділет министрлігіне, төрт жүйе Ішкі істер министрлігіне тиесілі. Бұл дереккөздер арқылы платформа отбасының құрамы, тұрғылықты жері бойынша тіркелуі, жылжымайтын мүлкі, жер учаскелері, кәсіпкерлік қызметі және көлік құралдары туралы ақпарат алады.

Қосымша мәліметтер Цифрлық даму, Денсаулық сақтау, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, білім беру органдарының және ҰҚК Шекара қызметінің ақпараттық жүйелерінен түседі.

Министрліктің мәліметінше, жиналған ақпараттың барлығы отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде тікелей қолданылмайды. Бағалау үшін тек ресми әдістемеде көзделген деректер ғана пайдаланылады.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Ақпаратты өңдеу процесі үш негізгі кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде отбасының құрамы анықталады. Ол үшін жүйе жеке тұлғалар базасы мен азаматтық хал актілерінің тіркелімін пайдаланады. Туу, некеге тұру, ажырасу және тегін өзгерту туралы жазбалар негізінде отбасының өзекті құрамы автоматты түрде қалыптастырылады.

Екінші кезеңде отбасының әрбір мүшесі туралы мәліметтер жиналады. Атап айтқанда, табысы, мүлкі, кредиттері, медициналық ұйымға тіркелуі, медициналық сақтандыруының болуы, мектепте немесе жоғары оқу орнында білім алуы, сондай-ақ шетелде 180 күннен астам болуы ескеріледі.

Үшінші кезеңде ақпарат жаңартылып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейі қайта бағаланады. Кейбір мемлекеттік жүйелер мәліметтерді нақты уақыт режимінде берсе, басқалары белгіленген кесте бойынша топтастырылған деректерді жүктейді. Жаңартылған ақпарат негізінде Отбасының цифрлық картасы ай сайын қайта есептеу жүргізеді.

Қате мәліметтерді қалай түзетуге болады?

Еңбек министрлігі Отбасының цифрлық картасы ақпаратты өздігінен қалыптастырмайтынын, басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларындағы мәліметтерді пайдаланатынын атап өтті.

Сондықтан жұмыс берушілердің еңбек шарттары туралы ақпаратты уақытында енгізбеуі, білім беру ұйымдарының оқушылар мен студенттер тізімдерін кешіктіріп жаңартуы немесе АХАТ мұрағаттарындағы кейбір жазбалардың болмауы салдарынан жүйеде қателер туындауы мүмкін.

Мысалы, азамат сатып жіберген автокөлік немесе пәтер әлі де оның меншігінде болып көрсетілуі ықтимал.

Мұндай жағдайда тұрғылықты жері бойынша Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіну қажет.

Бастапқы мемлекеттік дерекқордағы ақпарат түзетілгеннен кейін Отбасының цифрлық картасы келесі ай сайынғы бағалау барысында жаңартылған мәліметтерді автоматты түрде алады.

Ұқсас материалдар