Қазақстан Ұлттық банкі 2027–2029 жылдары Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жобаларға бағыттау жоспарланған 5 трлн теңге көлеміндегі қосымша трансферттердің инфляцияға айтарлықтай әсерін күтпейді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қаражат бөлу туралы шешім Үкіметтің 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ескерілген. Бұл шешім реттеушінің болжамдарын жаңарту кезінде назарға алынған жаңа факторлардың бірі болды.
Жалпы соманың 2 трлн теңгесін 2027 жылы, ал 2028 және 2029 жылдары 1,5 трлн теңгеден бөлу жоспарланып отыр.
«Сома жеткілікті үлкен болып көрінеді. Бірақ болжам бойынша экономикамыздың көлемі 200 трлн теңгеден асады. Экономика көлемімен салыстырғанда бұл аса үлкен көрсеткіш емес. Абсолютті мәнде үлкен болып көрінетін соманы ауқымды әрі өсіп келе жатқан экономикамыздың көлемімен салыстыру қажет», — деді Ұлттық банк басшысы.
Реттеуші қосымша трансферттерді есептік модельдеріне енгізіп, олардың инфляциялық қысымды айтарлықтай күшейтпейтінін бағалап отыр.
Сонымен қатар, Сүлейменов бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді пайдаланылатыны маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, инвестициялар инфрақұрылымдық шектеулерді жойып, экономиканың өндірістік әлеуетін арттыруға және қосылған құн қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.
«Ең бастысы, бұл бағдарлама тиімді іске асырылып, проблемалық тұстарды шешуге, экономиканың әлеуетін арттыруға және қосылған құн қалыптастыруға көмектесуі керек. Бұл әрқашан сұраныс пен ұсынысқа байланысты: бағдарлама нәтижесінде тауарлар мен қызметтер өндірісі өсуі қажет», — деп түсіндірді ол.
Ұлттық банк төрағасы реттеуші мен Үкімет экономикалық өсімді қолдау және инфляцияны тежеу шараларын үйлестіріп жүзеге асырып жатқанын айтты.





