Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Мөлшерлеме бойынша дәліз ±1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіленді.
Реттеуші бұл шешімді инфляцияның қазіргі динамикасы, жаңартылған макроэкономикалық болжамдар және инфляциялық тәуекелдердің теңгерімі негізінде қабылдады.
Инфляция 10%-дан төмендеді
Тамыз айында Қазақстандағы жылдық инфляция 9,8%-ға дейін баяулады. Осылайша, баға өсімінің төмендеу үрдісі қатарынан 11 ай жалғасты.
Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеді. Бұған жеміс-жидек пен көкөніс бағасының айтарлықтай арзандауы және импорттық бағалардың төмендеуі әсер етті.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының жылдық өсімі 11,4%-ды құрады. Бұл ретте теңгенің нығаюы баға қысымының әлсіреуіне ықпал етті. Қызмет көрсету саласындағы инфляция да баяулап, 8,9%-ға түсті.
Айлық инфляция тамызда шілдедегідей 0,6% болды. Маусымдық факторларды алып тастағанда көрсеткіш 0,9%-ға жетті. Базалық инфляция 0,7% деңгейінде сақталды.
Халықтың алдағы бір жылға арналған инфляциялық күтулері де төмендеді. Шілдеде бұл көрсеткіш 12,1% болды, маусымда 13,4% еді. Күтулердің төмендеуіне ҚҚС мөлшерлемесінің өсуіне, коммуналдық тарифтер мен азық-түлік бағаларына қатысты алаңдаушылықтың азаюы әсер етті.
2026 жылғы инфляция болжамы өзгерген жоқ
Ұлттық банк 2026 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 9–11% аралығында болады деген болжамын сақтап қалды.
Баға өсімін тежеуші факторлар ретінде салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие жағдайлары мен теңге бағамының тұрақтылығы қарастырылып отыр. Сонымен қатар қыркүйекте ең төменгі резервтік талаптарды арттырудың соңғы кезеңі іске асырылмақ.
Ал 2027 жылға арналған инфляция болжамы қайта қаралды. Енді Ұлттық банк баға өсімін 6,5–8,5% деңгейінде күтеді. Бұған дейінгі болжам 5,5–7,5% болатын.
2028 жылы инфляцияның 5% мақсатты деңгейіне жақындауы күтіледі. Бұған сыртқы инфляциялық жағдайдың қалыпқа келуі, фискалдық шоғырлану, ішкі сұраныстың тұрақтануы және инфляциялық күтулердің төмендеуі ықпал етуі тиіс.
Экономика өсімі сақталады
Ұлттық банктің бағалауынша, Қазақстан экономикасы 2026 жылы 4,5–5,5% аралығында өседі. Бұл болжам өзгеріссіз қалды.
Экономикалық белсенділікті инвестициялардың жоғары деңгейі, квазифискалдық ынталандыру бағдарламалары және тұрақты тұтынушылық сұраныс қолдайды.
2027 жылы ЖІӨ өсімі 4,5% деңгейінде қалыптасады деп күтілуде. Ал 2028 жылға арналған болжам 4–5%-ға дейін жақсартылды. Бұған салалық және жүйелі реформалардың әсері, фискалдық ынталандырудың кеңеюі, сондай-ақ мұнай өндірісі мен экспортының қалпына келуі себеп болмақ.
Ставканы одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі
Инфляция мен инфляциялық күтулердің оң динамикасы базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Алайда Ұлттық банк алдағы уақытта ақша-несие саясатын одан әрі жұмсартуға мүмкіндік шектеулі екенін атап өтті.
Инфляцияға әсер ететін негізгі тәуекелдердің қатарында ішкі сұраныстың күшеюі, фискалдық ынталандырудың артуы, инфляциялық күтулердің толық тұрақтанбауы, жанар-жағармай бағасы мен коммуналдық тарифтердің өзгеруі бар.
Сыртқы факторлар бойынша негізгі қауіптер геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты азық-түлік пен энергия ресурстарының әлемдік бағасының өсуімен байланысты.
Бұдан былай базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер нақты инфляция динамикасына, ішкі сұранысқа, инфляциялық күтулерге, реттелетін бағаларға және бюджет пен квазимемлекеттік сектор тарапынан ынталандыру көлеміне қарай қабылданады.
Ұлттық банктің ақша-несие саясатының негізгі мақсаты — инфляцияны 2028 жылы 5% нысаналы деңгейге дейін төмендету.
Ақша-несие саясаты бойынша толық жаңартылған болжам 9 қыркүйекте жарияланатын баяндамада ұсынылады. Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 23 қазанда сағат 12:00-де жарияланады.
Дереккөз: nationalbank.kz





