2024–2025 жылдары 54 жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынды. Геологиялық барлау нәтижесінде алтын, мыс, темір, газ және басқа да пайдалы қазбалардың ресурстары артты.
Қазақстанда геологиялық барлау жұмыстарын жаңғырту жалғасып жатыр. Негізгі мақсат — минералдық-шикізат базасын кеңейтіп қана қоймай, перспективалы учаскелерді терең зерттеу, геологиялық деректерді цифрландыру және оларды инвестициялық шешімдер қабылдауда тиімді пайдалану.
2026 жылы пайдалы қазбаларға перспективалы аумақтарды анықтауға бағытталған 1:50 000 масштабтағы 20 жоба іске қосылды. Зерттеулердің жалпы аумағы 100 мың шаршы шақырымды құрайды. Жұмыстар алтын, мыс, полиметалдар, литий, вольфрам, молибден және сирек әрі сирек жер металдарын іздеуге бағытталған.
Ал 1:200 000 масштабтағы геологиялық зерттеулер аясында қамтылған аумақ көлемін 2026 жылы 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарланған.
Геологиялық барлау нәтижесінде 2024 жылы мемлекеттік есепке 35 кен орны, ал 2025 жылы тағы 19 кен орны енгізілді. Оның ішінде қатты пайдалы қазбалар, көмірсутектер және жерасты сулары бар. Осылайша, екі жыл ішінде елдің минералдық-шикізат базасы 54 жаңа кен орнымен толықты.
2024–2025 жылдары бірқатар пайдалы қазбалардың қорлары мен ресурстары да өсті. Атап айтқанда, 157,2 тонна алтын, 9,4 мың тонна күміс, 122,7 мың тонна мыс, 262,2 млн тонна темір рудасы және 22 млрд текше метр газ бойынша өсім тіркелді.
Сирек және сирек жер металдарын іздеу де күшейіп келеді. Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесі перспективалы нысандардың бірі ретінде бағаланып, мұнда лантан, церий, неодим және иттрий сияқты металдардың болжамды ресурстары анықталды. Жалпы перспективалы учаскелер бойынша болжамды ресурстар көлемі 935,4 мың тоннаға жетті.
Саланың цифрлық инфрақұрылымы да кеңейіп жатыр. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына 66,1 мың геологиялық есеп енгізіліп, олармен 109,5 мың зерттеу контуры байланыстырылған. Сонымен қатар 4,8 млн-нан астам бастапқы геологиялық ақпарат бірлігі цифрландырылды.
Мемлекет геологиялық деректерді Big Data және жасанды интеллект технологияларымен біріктіруді көздеп отыр. Бұл перспективалы учаскелерді жылдам анықтап, барлау жұмыстарын тиімді жоспарлауға және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда барлау кезеңінен өндіруге 7 келісімшарт ауыстырылды. Осы кезеңде қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 96 лицензия берілді.
Үкіметтің мақсаты — геологиялық барлаудан бастап өндіру, терең өңдеу және жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру. Бұл тәсіл Қазақстанның минералдық ресурстарын тиімді пайдаланумен қатар, өнеркәсіпті әртараптандыруға және инвестиция тартуға бағытталған.





