Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемін 10 еседен астам арттырды
Соңғы үш жылда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне (АӨК) бөлінетін жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 10 еседен астам өсті. Атап айтқанда, 2023 жылғы 140 млрд теңгеден 2026 жылы 1,5 трлн теңгеге жетті. Мемлекеттік қолдаудың артуы маусымдық дала жұмыстарын қаржыландыруға, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, мал шаруашылығы мен өнім өңдеу салаларын дамытуға мүмкіндік берді.
Қаражаттың басым бөлігі көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына бағытталады. 2026 жылы осы мақсаттарға 750 млрд теңге қарастырылып, оның 665 млрд теңгесі игерілді. Жеңілдетілген несие есебінен жалпы аумағы 7,8 млн гектардан асатын егіс алқаптары қаржыландырылды.
Келесі аграрлық маусымға дайындық та алдын ала басталды. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыруға өтінім қабылдау жүргізіліп жатыр. Бағдарламаға 200 млрд теңге бөлінді. Бұл тетік ауыл шаруашылығы өндірушілеріне айналым қаражатын алдын ала алуға және егіс науқанына уақытылы дайындалуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары мен мал шаруашылығы фермаларын қаржыландыру көлемі ұлғайып келеді. 2026 жылы олардың айналым қаражатын толықтыруға бөлінетін қаржы екі есеге артып, 215 млрд теңгеден асты. Оның 121,1 млрд теңгесі өңдеу кәсіпорындарына, ал 94,8 млрд теңгесі мал шаруашылығы шаруашылықтарына бағытталады.
Инвестиция тартуда ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредиттеу тетігі маңызды рөл атқарады. Биыл «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруға 270 млрд теңге қарастырылды. Оның 170 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы, 100 млрд теңгесі Қазақстанның Даму Банкі арқылы қаржыландырылады.
Мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу үшін 64,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 49 шаруашылыққа жалпы сомасы 49 млрд теңге болатын қаржыландыру берілді. Қаражат ірі және ұсақ мал сатып алуға жұмсалады. Бұл мал басын көбейтіп, шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және сақтау жобаларына да қолдау көрсетілуде. Бұл бағытқа 86,8 млрд теңге бөлінді. Қаражат кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға, астық сақтау инфрақұрылымын дамытуға, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдейтін жаңа нысандар салуға және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға бағытталады.
Осының нәтижесінде отандық өнімді өңдеу көлемін ұлғайтып, шикізат экспортынан қосылған құны жоғары дайын өнім өндіруге көшу көзделіп отыр.
Саланы мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты — техникалық жаңғырту. 2026 жылы отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен сатып алуға 350 млрд теңге қарастырылды. Қазіргі уақытта шаруалар жалпы құны 295 млрд теңге болатын 9,3 мыңнан астам техника сатып алды.
Машина-трактор паркін жаңарту шаруашылықтарды заманауи техникамен қамтамасыз етуге, еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған.
Келесі жылы АӨК-ті қолдауға арналған қаржылық тетіктерді жетілдіру және кеңейту жұмыстары жалғасады. Негізгі басымдық жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға, инвестиция тартуға, мал шаруашылығы мен өнім өңдеуді дамытуға, сондай-ақ өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртуға беріледі.
Осылайша, мемлекеттік қолдау маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландырумен шектелмей, агроөнеркәсіп кешенін кешенді дамыту құралына айналып келеді. Жеңілдетілген қаржы көлемінің артуы, инвестициялық бағдарламалардың кеңеюі және техниканы жаңарту өндіріс тиімділігін арттыруға, отандық өнім көлемін ұлғайтуға және Қазақстанның халықаралық аграрлық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған.





