Қазақстанда бастапқы жарнаны 10%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін жаңа ипотекалық тетіктер әзірленіп жатыр. Қаржылық модель «Отбасы банкімен» бірлесіп дайындалуда. Жаңа құралдардың талаптарын 2027 жылы жариялау жоспарланып отыр.
Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Ипотеканың жаңа талаптарын талқылауға «Ұмай» бағдарламасына деген жоғары сұраныс себеп болды. Журналистер билік «Отбасы банкімен», құрылыс салушылармен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, тұрғын үйді қолжетімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік беретін қосымша бағдарламаларды іске қосуды жоспарлап отырған-отырмағанын сұрады.
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, жекелеген қаржылық өнімдерге сұраныстың артуы мезгіл-мезгіл осындай дүрбелең тудырады. Оның сөзінше, ведомство қолданыстағы талаптар мен қаржылық құралдарды жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатыр. Қосымша қаржы бөлінген жағдайда мұндай бағдарламалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге болады.
Сапарбеков жаңа тетіктерді әзірлеу мерзімі бюджет мүмкіндіктеріне, нарықтағы жағдайға және барлық мүдделі тараптардың қатысуына байланысты екенін атап өтті.
«Қаржылық модельді "Отбасы банкімен" бірлесіп әзірлеп жатырмыз. Шамамен 2027 жылы осы жаңа тетіктерді жариялаймыз», — деді Жүнісбеков. Ол жоспарланып отырған өзгерістердің бірі бастапқы жарнаны 10%-ға дейін төмендету екенін нақтылады.
Сонымен бірге бағдарламаларды іске қосудың нақты мерзімі мен кредит берудің өзге де талаптары әзірге белгісіз.
«Отбасы банкіндегі» қолданыстағы талаптар
«Отбасы банкінен» тұрғын үй заемын алу үшін депозитте баспана құнының кемінде 50%-ын жинау қажет. Бұдан бөлек, жинақтау мерзімі кемінде үш жыл болуы, ал бағалау көрсеткіші 16-дан төмен болмауы тиіс. Мұндай заемдар бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 3,5%-дан 5%-ға дейін.
Жекелеген бағдарламаларда бастапқы жарна мөлшері төмен. Мысалы, «Наурыз» бағдарламасы бойынша ол заем сомасының 20%-ынан басталады. Ал бастапқы нарықтан әрленген тұрғын үй сатып алған жағдайда бастапқы жарна 10%-дан басталуы мүмкін.
«Өз үйім» бағдарламасында бастапқы жарна тұрғын үй құнының 20%-ынан 50%-ына дейін. Нақты мөлшері заем түрі мен қарыз алушының жинағына байланысты.





