Бізге жазылыңыз:

Атырау облысында полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды

Атырау облысында полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды

2025 жылғы 31 наурызда Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында «Силлено» полиэтилен зауытының алғашқы қадасы қағылды. Ауқымды құрылыстың басталуына Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, СИБУР басқарма мүшесі – атқарушы директоры Павел Ляхович және Sinopec аға вице-президенті Ван Тао қатысты.

Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін кәсіпорынның құрылысы 2028 жылы аяқталып, 2029 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Жобаның инвестициялық құны 7 млрд АҚШ долларынан асады. «Силлено» Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобалардың бірі болмақ. Зауыт өнеркәсіптің негізгі салаларында қолданылатын 20-дан астам полиэтилен маркасын шығарады. Жоба құрылыс кезеңінде де, кейін өндіріс басталған соң да ел экономикасына мультипликативті оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның шикізаттық емес экспортының өсуіне ықпал етеді. «ҚазМұнайГаз» компаниясының мәліметінше, «Силлено» өнімі полиэтилен импортының шамамен 90%-ын алмастыруға мүмкіндік береді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанның полиэтилен нарығы шамамен 300 мың тоннаны құраған. Сарапшылардың болжамынша, бұл көрсеткіш 2035 жылға қарай 400 мың тоннаға дейін өседі. «Силлено» зауытының іске қосылуы Қазақстандағы полиэтилен тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етеді. Құрылыс кезеңінде 8000 жұмыс орны, ал зауыт іске қосылғаннан кейін 800 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Полиэтилен өндірісінің негізгі шикізаты – этан, оны «ҚазМұнайГаз» жүзеге асыратын газды бөлу кешені «Теңізшевройл» кен орындарының газынан бөліп алып, магистральдық құбыр арқылы «Силлено» зауытына жеткізеді.

Жаңа кешеннің құрамына американдық Lummus технологиясы бойынша этилен пиролизі қондырғысы, Chevron Phillips Chemical (АҚШ) және Univation Technologies (АҚШ) полиэтилен полимеризациялау қондырғылары, сондай-ақ француздық Axens технологиясы негізінде бутен өндірісі кіреді. Әлемдік жетекші мұнай-газ химиясы технологиялары жаңа өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, бұл жоғары сенімділікпен қатар қоршаған ортаға минималды әсер етеді.

Құрылыс алаңында алғашқы дайындық жұмыстары пиролиз қондырғысынан басталды. Оның EPC-мердігері – испандық Tecnicas Reunidas және қытайлық Sinopec Engineering Incorporation консорциумы.

2023 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапары барысында SINOPEC компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ма Юншэнмен кездесу өткізді. Кездесуде мұнай-газ химиясы және энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы SINOPEC компаниясының полиэтилен өндіру жобасына толыққанды серіктес ретінде қосылуы екі елдің тұрақты әріптестігінің жарқын үлгісі екенін атап өтті.

Анықтама:
Жобаны «Силлено» компаниясы жүзеге асырады, оның акционерлері – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және СИБУР Холдинг (30%). Зауыт Қазақстанның ішкі полиэтилен сұранысын қамтамасыз етіп, өнімін ТМД елдеріне, Еуропаға, Қытайға және Түркияға экспорттауды жоспарлап отыр.

Полиэтилен – көптеген өнімдерді өндірудің негізгі шикізаты. Олардың қатарында су және газ құбырлары, кәріз, желдету, жылу жүйелеріне арналған клапандар, электр және жылу оқшаулағыш материалдар, қайықтар мен жол талғамайтын көліктердің корпустары, тұрмыстық және медициналық техника бөлшектері, автокөлік компоненттері, ойыншықтар, түрлі пленкалар, бөтелке, қорап, канистра және басқа да өндірістік және тұрмыстық өнімдер бар.

Ұқсас материалдар