Қазақстанның бес өңірінде кәсіпкерлерге мәселелерін шешуге көмектесетін бизнесті қолдау және сүйемелдеу орталықтары іске қосылады. Пилоттық жоба «Даму» қорының өңірлік филиалдары базасында жүзеге асырылады.
Орталықтар Астана, Алматы, Шымкент, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облысында ашылады. Жоба қыркүйек-желтоқсан айларында пилоттық режимде жұмыс істеп, оның нәтижесіне қарай тетікті барлық өңірге енгізу мәселесі қаралады.
Жаңа орталықтардың негізгі мақсаты — кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жеке-жеке жүгінбей, мәселесін «бір терезе» қағидаты бойынша шешуге мүмкіндік беру.
«Даму» қорының дерегінше, орталықтарды құру кезінде «Атамекен» ҰКП-ның проблемалық мәселелер тізіліміндегі 2,4 мыңнан астам ШОБ өтініші талданған. Оның 600-ден астамы пилоттық өңірлерге тиесілі.
Кәсіпкерлердің негізгі мәселелері қаржыландыру, берешекті қайта құрылымдау, мемлекеттік қолдау шаралары, салық, өнімді өткізу және кәсіпкерлік құзыреттерді дамытуға қатысты. Өтініштердің едәуір бөлігі агроөнеркәсіптік кешенге байланысты.
«Бұл ретте орталықтардың тиімділігінің негізгі көрсеткіші өткізілген консультацияның саны емес, кәсіпкерлердің реттелген мәселелерінің үлесі болады», — деді «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.
Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, қаржы реттеушілері және «Даму» қоры өкілдерінен жұмыс тобы құрылады. Пилот нәтижелері бойынша орталықтарды еліміздің барлық өңіріне тарату туралы шешім қабылданады.
Тегтер:
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Семейде жаңа автокөлік көпірінің құрылысы жалғасып жатыр
- 12 августа, 2026
Өскемен ЖЭО қуаты 100 МВт электр және 130 Гкал/сағ жылуға артады
- 12 августа, 2026





