Бізге жазылыңыз:

ХВҚ: Қазақстан ЖІӨ өсімі бойынша көшбасшылар қатарында

ХВҚ: Қазақстан ЖІӨ өсімі бойынша көшбасшылар қатарында

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлемдік экономикаға қатысты шілде айындағы жаңартылған болжамын жариялады. Қор 2026 жылы әлемдік нақты ЖІӨ өсімі 3%, ал 2027 жылы 3,4% болады деп күтеді. Болжамның төмендеуіне негізінен Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал әсер еткен.

Соған қарамастан, Қазақстан әлемдегі ең жоғары экономикалық өсім көрсететін елдердің қатарына енді. ХВҚ болжамынша, еліміздің нақты ЖІӨ-сі 2026 жылы 4,6%-ға, ал 2027 жылы 4,4%-ға өседі.

2026 жылғы болжам бойынша Қазақстаннан жоғары көрсеткіш тек Үндістанда (6,4%), Индонезияда (5,0%) және Малайзияда (4,7%) күтіледі. Қазақстанның өсімі Қытай және Мысырмен шамалас болса, АҚШ (2,3%), Германия (0,7%), Франция (0,6%), Жапония (0,6%), Ұлыбритания (1%), Ресей (1,1%) және Сауд Арабиясы (1,7%) сияқты экономикалардың көрсеткіштерінен айтарлықтай жоғары.

Сонымен қатар, ХВҚ сәуірдегі бағалауымен салыстырғанда көптеген елдердің болжамын төмендеткенімен, Қазақстан бойынша болжам өзгеріссіз қалды. Бұл халықаралық ұйымның ел экономикасының тұрақтылығына деген сенімін көрсетеді.

Халықаралық бағалау Қазақстандағы нақты экономикалық көрсеткіштермен де сәйкес келеді. Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ЖІӨ өсімі 4,1%-ды құрады. Экономиканың негізгі драйверлері құрылыс (15,2%), өңдеу өнеркәсібі (9,8%), көлік (7,1%) және сауда (5,7%) болды.

Сондай-ақ негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,6%-ға өсіп, 9,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде жеке инвестициялар 21,4%-ға артып, жалпы көлемнің 87%-ын құрады.

Сарапшылардың пікірінше, өндірістің, инвестициялардың және мұнайдан тыс сектордың тұрақты өсуі Қазақстан экономикасының жаһандық құбылмалылық жағдайында да орнықты дамуын қамтамасыз етіп отыр.

Толық шолу Ranking.kz сайтында.

Ұқсас материалдар