Оның айтуынша, сатып алу реформасы 824 млрд теңгені үнемдеуге және қайта бөлуге, сондай-ақ рәсімдерді 3–6 есе жеделдетуге мүмкіндік беріп, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттырды. Сондай-ақ жасалған шарттардың көлемі де 2 есеге артты. Отандық өндірушілерден сатып алулар 1,5 есеге көбейді, шағымдар саны 25 пайызға қысқарды.
- Мемлекеттік аудит жүйесі бұзушылықтардың алдын алуын күшейтіп, 396 млрд теңге тиімсіз шығыстарға жол бермеді. Бюджетті онлайн-мониторингтеу алаяқтық схемалардың жолын кесіп, шамамен 1 млрд теңге қайтарылды, - деді ол.
Министр «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының қызметін трансформациялау барысына да тоқталды.
«Bilimge» білім беруді қаржыландыру бірыңғай порталы іске қосылды. Жеке меншік мектептерді аккредиттеу құжаттары мен өтінімнен бастап жеке меншік мектептерге, ақы төлеуге дейін бүкіл қаржыландыру процесі цифрландырылды. Процестерді автоматтандыру есебінен 765 жеке меншік мектеппен жедел шарттар жасалды, оның ішінде 38 млрд теңгеге 656 мектеп қаржыландырылды. Қаржыландыру мерзімдері 10-15 күнге дейін қысқарды, - деді Мәди Тәкиев.





