2026 жылдың қаңтар–маусым айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,5 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,6%-ға артты.
Инвестициялардың басым бөлігі ғимараттар мен құрылыстарды салу және күрделі жөндеу жұмыстарына бағытталды — 61,3%. Тағы 34,3% қаражат машиналар, жабдықтар және көлік құралдарын сатып алуға жұмсалды.
Инвестициялардың негізгі көзі — кәсіпорындардың меншікті қаражаты, оның үлесі 68,8% болды. Бюджет қаражатының үлесі — 13,4%, ал банк несиелері — 5,2%.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі бойынша ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркеліп, көрсеткіш екі есеге артты. Сондай-ақ Жамбыл (+59,6%), Түркістан (+44,4%), Абай (+23,2%), Батыс Қазақстан (+23%) және Алматы (+18,5%) облыстарында жоғары өсім байқалды.
Ал Жетісу облысында (-21,6%), Шымкент қаласында (-20%), Қарағанды (-10,3%) және Солтүстік Қазақстан (-3,2%) облыстарында инвестициялық белсенділік төмендеді.





