Тамыз қорытындысы бойынша теңге бағамы 2,6%-ға нығайып, бір АҚШ доллары 461,57 теңгеге дейін арзандады. Қазақстан қор биржасындағы орташа күндік сауда көлемі 389 млн доллардан 415 млн долларға дейін өсті. Айдағы сауда-саттықтың жалпы көлемі 8,7 млрд долларды құрады.
Тамызда Ұлттық қордан биржада 200 млн доллар сатылды. Бұл жалпы сауда көлемінің 2,3%-ына немесе күніне шамамен 9,5 млн долларға тең.
Қыркүйекте Ұлттық қор қаражаты есебінен валюта сату көлемі 200–300 млн доллар аралығында болады деп күтілуде. Сонымен қатар Ұлттық банк қыркүйектен бастап Ұлттық қор операцияларын ішкі валюта нарығында айна-қатесіз қайталау тетігін іске қосады. Осы механизм аясында бұрын сатып алынған шетел валютасын 200–300 млн доллар көлемінде сату жоспарланған.
Алтын сатып алу операцияларын айна-қатесіз қайталау аясында тамызда шамамен 374 млрд теңге өтімділіктен шығарылды. Қыркүйекте осы мақсатта дәл осы сомаға баламалы көлемде валюта сату жоспарланып отыр.
Ұлттық банк Ұлттық қор қаражаты бойынша операциялар жүргізу кезінде және айна-қатесіз операциялар тетігін іске асыру барысында нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанатынын атап өтті. Тамыз айында валюталық интервенциялар жүргізілген жоқ.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін сақтау мақсатында Ұлттық банк тамызда биржада 721 млн долларға шетел валютасын сатып алды. Бұл жалпы сауда көлемінің шамамен 8,3%-ын құрады.
Ұлттық банктің мәліметінше, қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының динамикасына нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтағы жағдай және геосаяси ахуал әсер етеді.
Реттеуші айырбас бағамының икемді қалыптасу режимін сақтайды. Ұлттық банктің пікірінше, бұл тәсіл нарықтағы теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермей, алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді.
Дереккөз: Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі





