Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мемлекеттік қолдау алған банктердің дивиденд төлеуі кезінде мемлекеттік қаражатты қайтару тәртібін жетілдіруге бағытталған қаулы жобасын әзірледі.
Құжатқа сәйкес, балансында мемлекеттік қолдау бойынша міндеттемелері сақталған банктер үшін мемлекеттік қаражатты қайтарудың сараланған мерзімдері белгіленеді. Бұл мерзімдер банктің дивиденд төлеу кезінде мемлекетке қайтаруды жоспарлап отырған қаражат көлеміне байланысты айқындалмақ.
Агенттіктің мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік қолдау қаражатын қайтару тетігінің тиімділігін арттыруға және банктердің акционерлерге дивиденд төлеуі мен мемлекет алдындағы міндеттемелері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжатпен сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында танысуға болады.





