2025 жылы Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен саудасы шамамен $5 млрд-қа өсті. Негізгі серіктестер қатарында Қытай мен Ресей көш бастап тұр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы $72,6 млрд болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш $67,7 млрд-ты құраған.
Қазақстанның экспорты $30,7 млрд, ал импорты $41,8 млрд болды.
ШЫҰ елдері арасындағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі — Қытай. Екі ел арасындағы тауар айналымы $34,2 млрд-қа жетті. Одан кейін Ресей — $27,4 млрд, Өзбекстан — $4,8 млрд және Қырғызстан — $2,2 млрд.
Қазақстанның ШЫҰ елдеріне экспорттайтын негізгі тауарларының қатарында уран, мыс кендері мен концентраттары, мұнай, мыс, табиғи газ, бидай және ферроқорытпалар бар.
Сонымен қатар жекелеген ауыл шаруашылығы және өңделген өнімдердің экспорты айтарлықтай өскен. Жануарларға арналған жем экспорты 2,5 есеге артып, $614,9 млн-ға жетті. Күнбағыс майының экспорты 62,4%-ға өсіп, $633,7 млн болды.
Бидай экспорты 17,1%-ға ұлғайып, $1,13 млрд-қа жетті. Сондай-ақ арпа экспорты 22%-ға, бидай ұны 11,8%-ға, ал зығыр тұқымының экспорты 72,9%-ға артты.
ШЫҰ елдерінен Қазақстанға импортталатын негізгі тауарлардың арасында жеңіл автомобильдер мен олардың бөлшектері, табиғи газ, мұнай өнімдері, алтын және есептеу техникасы бар.
Ауыл шаруашылығы және өңделген өнімдер жеткізілімінің өсуі Қазақстан экспортының дәстүрлі шикізаттық позициялармен ғана шектелмей, біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге импорт көлемінің жоғары болуы отандық өндірісті әрі қарай дамытуға және импортты алмастыруға мүмкіндік бар екенін аңғартады.





