Қазақстанның банк секторында кредиттік портфель сапасы тұрақты болып қалып отыр. Ranking.kz зерттеуіне сәйкес, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мерзімі 90 күннен асқан проблемалық кредиттердің (NPL 90+) үлесі 4,2%, 30 күннен астам мерзімдегі берешек – 5,4%, ал 7 күннен астамы – 6,6% болды.
Халықаралық тәжірибеде дәл NPL 90+ көрсеткіші негізгі индикатор саналады. Өйткені үш айдан астам уақыт өтелмеген қарыздар тәуекелі жоғары активтер қатарына жатқызылып, банктер олар бойынша қосымша резерв қалыптастыруға міндетті.
Зерттеу қорытындысы бойынша ең сапалы кредиттік портфель Отбасы банкіне тиесілі. Банктегі 90 күннен астам мерзімі өткен кредиттердің үлесі небәрі 0,1%, 30 күннен астамы – 0,7%, ал 7 күннен астамы – 1,5%. Сарапшылар мұны тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің ерекшелігімен байланыстырады.
«Тұрғын үй үшін ұзақ уақыт бойы жоспарлы түрде қаражат жинаған адам өз міндеттемелеріне жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан ТҚЖ жүйесінің кредиттік портфелі Қазақстанда ғана емес, халықаралық тәжірибеде де ең төмен NPL деңгейлерінің бірін көрсетеді».
Нарықтағы орташа көрсеткіштен төмен нәтижені Банк ЦентрКредит (1,7%, 2,6% және 3,9%) пен Freedom Bank (2,6%, 3,9% және 5,4%) те сақтап келеді.
Ал Bank RBK мен Еуразиялық банк 90 күннен астам мерзімдегі кешіктіру бойынша орташа деңгейден төмен көрсеткішке ие болғанымен, қысқа мерзімді NPL көрсеткіштері бойынша салалық орташа мәннен жоғары.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі жағдай бірнеше жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Мысалы, 2014 жылы банк секторындағы NPL 90+ деңгейі 33,5%-ға жетсе, бүгінде бұл көрсеткіш 4,2%-ға дейін төмендеген, бұл қазақстандық банк жүйесінің тұрақтылығының артқанын көрсетеді.